Гуанчжоу қаласында Қазақстан Республикасының Бас консулдығының ашылу салтанаты өтті

Гуанчжоу қаласында Қазақстан Республикасының Бас консулдығының ашылу салтанаты өтті

Гуандун өлкесінің әкімшілік орталығында Қазақстан Республикасының Гуанчжоу қаласындағы Бас консулдығының салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Іс-шараға ҚР-дың ҚХР-дағы Елшісі Шахрат Нұрышев, ҚХР Сыртқы істер министрінің көмекшісі Лю Бинь, Гуандун өлкесінің Халық үкіметі партиялық тобының мүшесі Чэнь Лянсянь, Гуанчжоу қаласының басшылығы, сондай-ақ Қытайдың мемлекеттік органдары мен іскер топтарының өкілдері қатысты.

Ашылу салтанатындағы сөзінде Ш.Нұрышев бүгінгі таңда Қазақстан мен Қытай арасындағы қатынастардың бұрын-соңды болмаған жоғары деңгейде екенін және мәңгілік жан-жақты стратегиялық әріптестік рухында дәйекті түрде дамып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, Гуанчжоу қаласында Бас консулдықтың ашылуы өңіраралық өзара іс-қимылдың маңызы артып келе жатқанын көрсетеді және Қазақстанның Қытайдың оңтүстік өңірлерімен ынтымақтастығын кеңейту үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.

Елші Гуандун өлкесінің Қытайдың жетекші экономикалық, инновациялық және өнеркәсіптік орталықтарының бірі екенін атап өтіп, оның сауда, инвестициялар, цифрлық технологиялар, жасанды интеллект, электрондық коммерция, логистика, инновациялар және мәдени-гуманитарлық алмасулар салаларында Қазақстанмен өзара іс-қимылды дамыту үшін елеулі әлеуетке ие екенін айтты.

Лю Бинь өз сөзінде Қазақстанның Гуанчжоу қаласындағы Бас консулдығы Қазақстан Республикасының Қытайдағы төртінші консулдық мекемесі екенін және ол Қазақстан мен Қытайдың оңтүстік өңірлері арасындағы байланыстарды одан әрі дамытуда маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Өз кезегінде, Қытай тарапының жаңа дипломатиялық өкілдіктің қызметіне жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін растады.

Гуандун өлкесінің Халық үкіметі партиялық тобының мүшесі Чэнь Лянсянь өз сөзінде Қазақстанның Гуандун өлкесінің Орталық Азиядағы ең ірі сауда әріптесі екенін атап өтті. Сонымен қатар, сауда-экономикалық, инвестициялық, ғылыми-техникалық, білім беру және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықтың тұрақты өсім көрсетіп отырғанын жеткізді.

Қазақстан Республикасының Гуанчжоу қаласындағы Бас консулдығының ашылуы Қазақстан-Қытай қатынастары тарихындағы маңызды оқиға болды. Жаңа консулдық мекеме саяси диалогты одан әрі нығайтуға, өңіраралық ынтымақтастықты кеңейтуге, сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды ілгерілетуге, сондай-ақ екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық өзара іс-қимылды тереңдетуге ықпал ететін болады.