
Бельгиядағы Қазақстан Республикасы Елшілігінде «Shanyraq Dialogues» пікірталас алаңы аясында «Қазақстанның білім экономикасы: Еуропалық Одақпен әріптестіктің жаңа көкжиектері» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Іс-шараға Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, бельгиялық университеттер мен зерттеу орталықтарының өкілдері, сарапшылар қауымдастығы, дипломатиялық корпус және Еуропалық сыртқы іс-қимыл қызметінің өкілдері қатысты.
Іс-шараның модераторы Халықаралық ғылыми-техникалық орталықтың (ХҒТО) атқарушы директоры Карина Ангелиева болды. Ол өз сөзінде Қазақстанның ғылыми-техникалық әлеуетінің қарқынды дамуын атап өтіп, бұл ХҒТО-ның штаб-пәтерін 2015 жылы Астанаға көшіру туралы шешім қабылдаудағы негізгі факторлардың бірі болғанын айтты. Халықаралық ұйым басшысы бүгінде Қазақстанның ХҒТО-ның бірқатар маңызды жобаларын жүзеге асыруда жетекші орындардың бірін иеленіп отырғанын ерекше атап өтті.
Қатысушыларға алғысөз сөйлеген Бельгиядағы Қазақстан Елшісі Роман Василенко Астана мен Брюссель арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 33 жыл және Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылғанына 10 жыл толған кезеңде екіжақты ынтымақтастықтың сапалы әрі елеулі ілгерілеуін атап өтті.
Қазақстандық дипломат Еуропалық Одақтың Қазақстанның ең ірі сауда және инвестициялық серіктесі екенін еске салды. Тараптар арасындағы ынтымақтастық көлік байланысын дамыту, стратегиялық маңызды шикізат материалдары, жасыл трансформация, цифрландыру және инновациялар сияқты басым бағыттарда тұрақты түрде кеңейіп келеді.
Р. Василенко білім беру, ғылым және технологиялар саласындағы әріптестікті дамытуға ерекше назар аударды. Оның айтуынша, адами капиталға инвестиция салу Қазақстанның негізгі басымдықтарының бірі, ал еуропалық университеттер мен зерттеу орталықтарымен ынтымақтастықты тереңдету бірлескен зерттеулер жүргізуге, академиялық алмасуларды дамытуға және болашақ экономикасы үшін мамандар даярлауға жаңа мүмкіндіктер ашады.
Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек негізгі баяндамашы ретінде сөз сөйлеп, ғылым мен жоғары білім саласындағы мемлекеттік саясаттың басты басымдықтарын таныстырды. Олардың қатарында ғылыми инфрақұрылымды жаңғырту, зерттеу университеттерін дамыту, жоғары білімді интернационалдандыру, жас ғалымдарды қолдау, ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру және Қазақстанның халықаралық зерттеу бағдарламаларына қатысуын кеңейту бар.
Сондай-ақ, Қазақстанның еуропалық ғылыми-білім беру қауымдастығымен ынтымақтастықты кеңейтуге ұмтылысына ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, зерттеулер мен инновацияларды қолдауға бағытталған Еуропалық Одақтың «Horizon Europe» бағдарламасы сияқты халықаралық бастамаларға қатысу мәселелері сөз болды.
Министр Саясат Нұрбек өз сөзінде: «Білім экономикасы сенімге, университеттердің ашықтығына, қуатты ғылымға және халықаралық ынтымақтастыққа негізделеді. Қазақстан еуропалық университеттермен өзара іс-қимылдың жүйелі әрі ұзақ мерзімді сипатта болғанына мүдделі. Бұл ынтымақтастық бірлескен зерттеулерге, тәжірибе алмасуға және болашақ экономикасына қажетті мамандар даярлауға негізделуі тиіс», – деп атап өтті.
Іс-шара барысында қатысушылар Қазақстандағы білім экономикасын дамыту, жоғары білім саласындағы халықаралық ынтымақтастық, бірлескен зерттеу жобаларын жүзеге асыру, академиялық ұтқырлық, экономиканың жаңа салалары үшін кадрлар даярлау, сондай-ақ бельгиялық және еуропалық университеттермен ынтымақтастықты кеңейту перспективаларын талқылады.
Дөңгелек үстел мемлекеттік органдар, академиялық қауымдастық, сарапшылар ортасы және дипломатиялық корпус өкілдері арасында Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы ғылыми-білім беру әріптестігін одан әрі дамыту мәселелері бойынша ашық диалог жүргізуге мүмкіндік берген тиімді алаңға айналды.