Қазақстан мен Чехия ДСҰ алаңында суды халықаралық саудамен байланыстыру рөліне арналған бірлескен сессия өткізді

Қазақстан мен Чехия ДСҰ алаңында суды халықаралық саудамен байланыстыру рөліне арналған бірлескен сессия өткізді

Дүниежүзілік сауда ұйымының (ДСҰ) Женевадағы штаб-пәтерінде Сауда және қоршаған орта аптасы аясында Қазақстан Республикасы мен Чех Республикасының «Water Across Borders: Trade, Production, and Sustainable Development» («Шекарасыз су: сауда, өндіріс және орнықты даму») атты бірлескен панельдік сессиясы өтті.

Іс-шараға Қазақстан Республикасының ДСҰ және халықаралық экономикалық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілі Қайрат Төребаев және «KAZWATER» Вице-Президенті Манира Алағұжаева қатысты.

Қ. Төребаев Орталық Азия үшін судың экономикалық тұрақтылық пен бәсекеге қабілеттілік мәселесіне айналғанын атап өтті. Осы жағдайда Қазақстан су тиімділігін жаңа сауда стратегиясының іргетасы ретінде қарастырады: ел суды үнемдеуші технологияларға, ирригацияны жаңартуға және су секторын цифрландыруға негізделген жоғары қосылған құнды агроэкспорт моделіне дәйекті түрде көшіп келеді.

ДСҰ-ның рөліне тоқтала келе, Тұрақты өкіл Қ. Төребаев суды үнемдеуге және климатқа төзімді ауыл шаруашылығына салынатын мемлекеттік инвестициялар сауданы бұрмалау ретінде емес, жаһандық азық-түлік қауіпсіздігіне қосылатын үлес ретінде танылуға тиіс екенін атап өтті. Сондай-ақ Қазақстан халықаралық қоғамдастықты жаһандық сауданың болашағын қалыптастыруда бүгінгі климаттық шындықты ескеруге шақырды.

Вице-Президент М. Алағұжаева аталған мәселелердегі Қазақстан шешімдерінің технологиялық контурын ұсына отырып, Орталық Азияның су ресурстарын мониторингтейтін өңірлік цифрлық платформасын құру бастамасына тоқталды.

Өз кезегінде, Чехия тарапы Астананың осы бағыттағы күш-жігерін қолдай отырып, оң бағалады.

Сессияны Қазақстан мен Чех Республикасының бірлесіп өткізуі әлемнің әртүрлі өңірлерінде орналасқан екі мемлекеттің трансшекаралық су ресурстарын басқару мен оларды халықаралық саудамен байланыстыруға деген ортақ көзқарасының барын көрсетті.