Қазақстан мен Камбоджа дипломатиялық және қызметтік паспорт иелерін визалық талаптардан өзара босату туралы келісімге қол қойды

Қазақстан мен Камбоджа дипломатиялық және қызметтік паспорт иелерін визалық талаптардан өзара босату туралы келісімге қол қойды

Камбоджа Корольдігінің Сыртқы істер және халықаралық ынтымақтастық министрлігінде Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Камбоджа Корольдігі Үкіметі арасындағы дипломатиялық және қызметтік (ресми) паспорт иелерін визалық талаптардан өзара босату туралы келісімге қол қою рәсімі өтті.

Құжатқа Қазақстан Республикасының Вьетнам Социалистік Республикасындағы және қоса атқарушы Камбоджа Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Қанат Тұмыш пен Камбоджа Корольдігінің Сыртқы істер және халықаралық ынтымақтастық министрінің міндетін атқарушы Еат Сопхеа қол қойды.

Келісімге қол қою Қазақстан мен Камбоджа арасындағы қатынастарды одан әрі нығайту және екіжақты ынтымақтастықты дамыту жолындағы маңызды қадам болды. Құжатты іске асыру екі елдің мемлекеттік органдары арасындағы ресми байланыстарды кеңейтуге және мемлекетаралық өзара іс-қимылды күшейтуге ықпал етеді.

Кездесу барысында тараптар екіжақты қатынастардың тұрақты дамуын қанағаттанушылықпен атап өтіп, саяси диалогты одан әрі тереңдетуге және өзара қызығушылық тудыратын салалардағы ынтымақтастықты кеңейтуге бейілділігін растады.