
БҰҰ-ның Қоршаған ортаны қорғау жөніндегі бағдарламасы штаб-пәтерінде ҚР Кения Республикасындағы Елшісі, ҚР Найробидегі БҰҰ бөлімшесі жанындағы Тұрақты өкілі Барлыбай Садықовтың БҰҰ Бас хатшысының орынбасары – БҰҰ Қоршаған орта жөніндегі бағдарламасының (ЮНЕП) Атқарушы директоры И.Андерсенмен кездесу өтті.
Кездесу барысында тараптар Қазақстанның ЮНЕП-пен өзара іс-қимылының өзекті мәселелерін, қоршаған орта саласындағы ынтымақтастықты дамыту жоспарларын, сондай-ақ 2026 жылғы 22-24 сәуірде Астанада өткен Өңірлік экологиялық саммиттің (ӨЭС) нәтижелерін талқылады.
Сонымен қатар, ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың 2025 жылғы желтоқсанда Халықаралық бейбітшілік және сенім жылына арналған форумға қатысуы кезінде ұсынған БҰҰ құрылымында Халықаралық су ұйымын құру бастамасына ерекше назар аударылды.
И. Андерсен Қазақстанның қоршаған ортаны қорғау мәселелерін шешуге бағытталған күш-жігері мен бастамаларын жоғары бағалап, қазақстандық тараптың ЮНЕП іс-шараларына деген қолдауы үшін ризашылығын білдіріп, ЮНЕП Қазақстан Республикасының экология және тұрақты даму саласындағы бастамалары мен жобаларын іске асыруда сараптамалық көмек көрсетуге дайын екенін мәлімдеді.
Сонымен қатар, И.Андерсен Қазақстанның жаһандық экологиялық мәселелерді шешуге қосқан елеулі үлесі үшін, соның ішінде Астанада ӨЭС ұйымдастыру және өткізу арқылы қосқан үлесі үшін алғысын айтты.
Кездесу қорытындысы бойынша қоршаған ортаны қорғау саласындағы өзара мүдделі мәселелер бойынша ынтымақтастықты жалғастыру, экологиялық жобаларды іске асыруға қолдау көрсету және түрлі деңгейдегі іс-шараларды өткізу туралы келісімге қол жеткізіліп, Қазақстан мен БҰҰ Қоршаған ортаны қорғау бағдарламасы арасындағы ынтымақтастықты кеңейту бойынша бірлескен шараларды қарастыруға әзірлік білдірілді.