
Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасының Гонконг Арнайы әкімшілік ауданындағы Бас консулы Бауыржан Досманбетов Қытай Халық Республикасының Гонконг Арнайы әкімшілік ауданы іскерлік топтарының өкілдерімен кездесулер өткізді.
Сауда-экономикалық өзара іс-қимылды талқылау аясында «Sunwah Group» корпорациясының Төрағасы Цай Гуаньшэньмен және «Jiaxin International Resources Investment Limited» компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы Лю Лицянмен келіссөздер өтті.
Кездесулер барысында «Sunwah Group» Төрағасы Қазақстанның құрылыс секторының қажеттіліктері үшін Фошань қаласынан (Гуандун провинциясы) құрылыс материалдарын жеткізуді ұйымдастыру мақсатында тұрақты дистрибьюторлық орталық құру мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Өз кезегінде, «Jiaxin International Resources Investment Limited» Төрағасы компанияның қосылған құны жоғары өнім шығара отырып, жұмыс істеп тұрған өнеркәсіптік жобаның келесі кезеңдерін іске асыру жоспарлары туралы хабардар етті.
Келіссөздер қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасының Гонконг Арнайы әкімшілік ауданындағы Бас консулдығы инвестициялық бастамаларға кешенді әкімшілік қолдау көрсетуге дайындығын растады. Құрамына 60-тан астам жетекші трансұлттық компаниялардың басшылары кіретін делегацияның қатысуымен өтетін Джон Лидің ресми сапары Қазақстанның Орталық Азиядағы Қытай Халық Республикасының Гонконг Арнайы әкімшілік ауданының басты сауда-экономикалық серіктесі мәртебесін бекітеді деп күтілуде.