
БҰҰ Венадағы бөлімшесінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы БҰҰ-ның конвенциясын іске асыру барысын шолу тобының 17-сессиясы өтті. Сессия жұмысына Қазақстан Республикасы атынан ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметінің өкілдері қатысты.
Іс-шара БҰҰ конвенциясын іске асыру барысын шолу тетігінің екінші кезеңіне мемлекеттердің дайындық мәселелеріне арналды.
БҰҰ-ның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы Конвенциясының ережелерін имплементациялау Қазақстан Республикасының қылмыстық заңнамасына пара беруге уәде ету және оны ұсыну, ықпал етуді саудалау, сондай-ақ өзге де сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды енгізу және олар үшін қылмыстық жауаптылықты белгілеу тұрғысынан ерекше маңызға ие.
Қазақстандық делегация сондай-ақ Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жөніндегі ашық құрамдағы үкіметаралық жұмыс тобының сессиясына қатысты. Оның аясында озық тәжірибе алмасу, балалар мен жастар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет пен адалдық құндылықтары қалыптастыру, сондай-ақ спорт саласындағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселелері талқыланды.
Іс-шаралар аясында Қазақстан делегациясы бірқатар қатысушы мемлекеттердің өкілдерімен екіжақты кездесулер өткізді. Олардың барысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы екіжақты ынтымақтастықты дамыту, озық тәжірибе алмасу және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы БҰҰ конвенциясы ережелерін тиімді іске асыру мәселелері талқыланды.