Астанада Қазақстан-Норвегия Іскерлік кеңесінің екінші отырысы өтті

Астанада Қазақстан-Норвегия Іскерлік кеңесінің екінші отырысы өтті

Қазақстан Республикасының Норвегия Корольдігіндегі Елшілігінің қолдауымен Астанада Қазақстан мен Норвегия арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға бағытталған бірқатар іс-шаралар өтті.

Іс-шаралар аясында Норвегияның Шығыс сауда-өнеркәсіп палатасы Директорлар кеңесінің төрағасы Ронни Солберг бастаған норвегиялық бизнес өкілдерінің делегациясы Қазақстанға келді. Сапар барысында тікелей іскерлік байланыстарды нығайтуға және экономиканың басым секторларында бірлескен жобаларды жүзеге асыру перспективаларын талқылауға баса назар аударылды.

Алматы және Астана қалаларында Қазақстанның мемлекеттік органдары, даму институттары және іскер топтарының өкілдерімен кездесулер өтті. Келіссөздер барысында инвестициялық өзара іс-қимылды кеңейту, өнеркәсіптік кооперацияны дамыту, сондай-ақ көлік, цифрландыру, ауыл шаруашылығы және орнықты даму салаларындағы тәжірибе алмасу мәселелері қаралды.

Бағдарламаның негізгі оқиғасы Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы мен Норвегияның Шығыс сауда-өнеркәсіп палатасы бірлесіп ұйымдастырған Қазақстан-Норвегия Іскерлік кеңесінің екінші отырысы болды.

Іс-шараның ашылуында Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы Басқарма төрағасы Мұрат Каримсаков, Норвегияның Шығыс сауда-өнеркәсіп палатасы Директорлар кеңесінің төрағасы Ронни Солберг, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Норвегия Корольдігіндегі Елшісі Әділ Тұрсынов құттықтау сөз сөйледі.

Өз сөзінде Елші Ә. Тұрсынов Іскерлік кеңестің екіжақты экономикалық ынтымақтастықты дамытудың маңызды институционалдық тетігі ретіндегі маңызын атап өтіп, оның екінші отырысының Қазақстанда өтуі екі ел арасындағы әріптестіктің дәйекті нығаюын көрсететінін айтты. Сонымен қатар, өзара тауар айналымының өсуі мен іскерлік байланыстардың кеңеюін қоса алғанда, сауда-экономикалық байланыстардың оң динамикасы сақталып отырғаны атап өтілді.

Отырыс барысында тараптар энергетика, мұнай-газ саласы, ауыл шаруашылығы, акваөсіру, логистика және орнықты инфрақұрылымды дамыту секілді бағыттардағы өзара іс-қимыл перспективаларын талқылады. Екі ел бизнес өкілдері арасындағы тікелей B2B-келіссөздер форматындағы практикалық ынтымақтастықты кеңейтуге ерекше назар аударылды.

Іс-шара қорытындысы бойынша қазақстандық «Organic Fish» компаниясы мен норвегиялық «Optimar» компаниясы арасында Каспий теңізінде акваөсіру және балық өнімдерін өңдеу саласындағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.

Өткен іс-шаралар Қазақстан мен Норвегияның сауда-экономикалық өзара іс-қимылды одан әрі тереңдетуге және жаңа бірлескен бастамаларды іске асыруға өзара мүдделі екенін растады.