
Қазақстан Республикасының Қазандағы Бас консулы Ерлан Ысқақовтың Нижегород облысына жұмыс сапары өтті.
Облыс басшысы Глеб Никитинмен кездесу барысында екіжақты күн тәртібінің өзекті мәселелері, оның ішінде сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық саласындағы мәселелер талқыланды.
Тараптар орнықты сауда-инвестициялық байланыстардың және бизнес-миссиялар алмасуының белсенді дамып келе жатқанын атап өтті. Қазақстан өңірдің жетекші сауда серіктестерінің ондығына тұрақты түрде кіреді, ал Нижегород облысының тауар айналымының негізін машина жасау, мұнай-химия және металлургия өнімдерінің экспорты, сондай-ақ шикізат, азық-түлік және қосалқы бөлшектер импорты құрайды.
Нижний Новгородта Қазақстан Республикасының Құрметті консулының кеңсесін ашуға өзара қызығушылық расталды.
«Нижегород облысының даму корпорациясы» АҚ Бас директоры Игорь Ищенко және Нижегород облысының Сауда-өнеркәсіп палатасы Вице-президенті Ольга Борисовамен кездесуде Қазақстан өңірлері мен Нижегород облысы арасында шағын және орта бизнес өкілдерінің байланыстарын жандандыру жолдары қарастырылып, іскерлік ынтымақтастықтың перспективалы бағыттары ұсынылды.
Өңірдің іскер топтарының Қазақстанда өткізілетін халықаралық экономикалық іс-шараларға қатысуына қызығушылық танытылды.
Қазақ дипломаты Н.И.Лобачевский атындағы Нижегород мемлекеттік университетіне барып, Қазақстан студенттерімен кездесті. Облыс білім беру саласында тығыз өзара іс-қимылды жалғастыруға мүдделі, онда 156 қазақстандық студент білім алуда.
Сонымен қатар, Чкалов атындағы халықаралық әуежай және ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі кәсіпорындардың басшылығымен кездесулер өтті.
Сол күні қазақ дипломат «Ресей өнеркәсібінің цифрлық индустриясы» ХІ конференциясына қатысты, оның негізгі тақырыбы «Ресей өнеркәсібінің цифрлық тәуелсіздігі» болып белгіленген.