
Қытай Халық Республикасының Сыртқы істер министрі Ван И Қазақстан Республикасының Елшісі Шахрат Нұрышевқа «Көрнекті дипломат» медалін табыстады.
Жоғары марапат қазақ елшісіне Қазақстан мен Қытай арасындағы достық байланыстарды нығайтуға және ынтымақтастықты дамытуға қосқан елеулі үлесін мойындау белгісі ретінде табысталды.
Тарихта алғаш рет өткен марапаттау рәсімі ҚХР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз орталығында ұйымдастырылды. Ш.Нұрышев қызметі ресми Бейжің тарапынан жоғары бағаланған сегіз қазіргі және бұрынғы дипломатиялық миссия басшыларының қатарына енді.
Қазақстан өкілімен қатар, Пәкістан, Сауд Арабиясы және Колумбия елшілері, сондай-ақ Ресей, Камбоджа, Чад және Уругвайдың бұрынғы дипломатиялық миссия басшылары марапатқа ие болды.
«Көрнекті дипломат» медалі – мемлекетаралық байланыстарды тереңдету және ҚХР-мен өзара іс-қимылды дамыту ісіндегі айрықша еңбегі үшін шетелдік дипломаттарды көтермелеу мақсатында тағайындалған ең жоғары ерекшелік белгісі.