
Грекия астанасында Қазақстан Республикасының Грек Республикасындағы Елшілігі ұйымдастырған «Қазақстан мен Грекия: тарихи ретроспектива және қазіргі ынтымақтастықтың бағыттары» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Іс-шара Қазақстан-Грекия ынтымақтастығын нығайту, Қазақстан Республикасында жүзеге асырылып жатқан заманауи реформалар, сондай-ақ этносаралық келісімнің елдің орнықты дамуының негізгі тетіктерінің бірі ретіндегі маңызы мәселелеріне арналды. Конференция барысында понтийлік гректердің Қазақстан мен Грекия арасындағы маңызды гуманитарлық көпір ретіндегі рөліне ерекше назар аударылды.
Конференцияға грек жұртшылығының өкілдері, грек диаспорасы бірлестіктерінің мүшелері, Грекияда тұратын қазақстандық отандастар, сондай-ақ жергілікті өзін-өзі басқару органдарының өкілдері қатысты.
Бағдарламаның жеке бөлімі Қазақстан Республикасында жүзеге асырылып жатқан негізгі реформаларға және олардың мемлекетті одан әрі дамытудағы маңызына шолу жасауға арналды.
Конференция ашық пікірталаспен қорытындыланып, оның барысында қатысушылар Қазақстан мен Грекия арасындағы гуманитарлық және қоғамдық байланыстарды одан әрі кеңейту мәселелері бойынша пікір алмасты.