Бангкок қаласында Қазақстанның туристік әлеуетін ілгерілетуге және туризм саласындағы екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған “Kazakhstan Tourism Potential: Presentation & Guidebook Launch” атты презентация мен дөңгелек үстел өтті.
Қазақстанның Таиландтағы Елшісі Марғұлан Баймұхан Қазақстан мен Таиланд арасындағы туризм саласындағы ынтымақтастықтың кезең-кезеңімен дамып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, 2025–2026 жылдары Таиландқа барған Қазақстан азаматтарының саны 175 мыңнан асып, бұл елдің қазақстандықтар үшін ең танымал туристік бағыттардың бірі екенін көрсетеді. Сонымен қатар, тай туристерінің Қазақстанға деген қызығушылығы да тұрақты түрде артып келеді – осы кезеңде елімізге шамамен 10–15 мың Таиланд азаматы келген.
«Туристік ағындардың артуына ықпал ететін маңызды факторлардың бірі – екі ел арасындағы тікелей әуе қатынасының кеңеюі. Қазіргі уақытта аптасына 23 тікелей рейс орындалады: олар Бангкокты Алматы және Шымкент қалаларымен, сондай-ақ Пхукетті Астана және Алматы қалаларымен байланыстырады. Әуе тасымалдарын “Air Astana”, “SCAT Airlines” және “AirAsia X” компаниялары жүзеге асырады, бұл сапарларды анағұрлым қолжетімді әрі ыңғайлы етеді», – деді М. Баймұхан.
Іс-шара барысында тай тілінде жарық көрген “Complete Travel Guide Kazakhstan” туристік путеводерінің тұсаукесеріне ерекше назар аударылды. Бұл басылым тай аудиториясының Қазақстанның мәдени және табиғи алуан түрлілігі туралы хабардарлығын арттыруға бағытталған. Сонымен қатар, “Air Astana” әуе компаниясының қолдауымен қатысушылар арасында Қазақстанға әуе билеті ұтысқа тігілді.
Іс-шара барысында Таиланд Сыртқы істер министрлігі аппаратының басшысы Чакриенорратип Севикул Таиланд пен Қазақстан арасындағы екіжақты қатынастарды одан әрі нығайтудың маңыздылығын атап өтіп, туризм саласындағы ынтымақтастықтың зор әлеуетін ерекше көрсетті. Ол сондай-ақ бірлескен бастамаларды жандандыру туристік алмасуларды кеңейтуге, мәдени байланыстарды тереңдетуге және өзара тиімді серіктестікті дамытуға ықпал ететініне сенім білдірді.
Бағдарлама аясында тай блогерлері мен «Kazakh-Thai Alliance» қауымдастығының өкілдері Қазақстан бойынша сапарлардағы жеке тәжірибелерімен бөлісіп, танымал туристік бағыттар мен елдің ерекшеліктері туралы әңгімеледі.
Туристік саладағы Қазақстан мен Таиланд арасындағы ынтымақтастық қазірдің өзінде елеулі жетістіктермен және тұрақты оң серпінмен сипатталады, бұл өзара қызығушылық пен сенімнің жоғары деңгейін көрсетеді. Сонымен қатар, екі ел жаңа ауқымды бастамаларды іске асыруға ниетті. Алдағы уақытта туристік бағыттарды кеңейту, инвестициялық өзара іс-қимылды жандандыру және қонақжайлылық саласында бірлескен жобаларды жүзеге асыру, соның ішінде Қазақстанда тай қонақ үйлерін ашу және жаңа әуе рейстерін іске қосу жоспарлануда.