
Қазақстанның Ұлттық кітап күнін мерекелеу қарсаңында Алжир кітапханаларына алғашқы рет қазақ кітаптары сыйға тартылды. Іс-шара Қазақстан мен Алжир арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайтуға, кітап оқуды насихаттауға, әдебиет, баспа және кітапхана ісін қолдауға бағытталған.
Қазақстанның Елшісі Әнуарбек Ахметов Алжир Ұлттық кітапханасы мен Алжир Президенті Әкімшілігінің жанындағы Ұлы мешіті (“Жамаа Әл-Жазаир”) Мәдениет орталығының Кітапханасына қазақтың ұлы философы, ақыны, гуманисты Абай Құнанбаевтың туындыларын, сондай-ақ Қазақстан туралы араб және ағылшын тілдеріне аударылған кітаптарды сыйға тартты.
Сонымен қатар, Қазақстан мен Алжир халықтары арасындағы терең рухани байланыстың символы ретінде ислам тануға мамандандырылған Мәдени орталық Кітапханасының бас оқу залында көрмеге қою үшін қазақтың көрнекті ежелгі философы, түркі сопылығының негізін ұйымдастырушы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің фотосуретті сыйға берілді.
Салтанатты шара барысында Елші кітаптардың халықтар арасындағы интеллектуалдық және рухани көпір ретіндегі шешуші тарихи рөлі туралы айтып, қазақ әдебиеті мен мәдениеті алжирлік оқырмандар мен зерттеушілер арасында қызығушылық тудыратынына сенім білдірді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Қазақстанда 23 сәуірде кітап оқу мәдениетін және әдебиетті қолдау мақсатында Ұлттық кітап күні мерекелеуін атап өтті. Абайдың әділетшілік, заң үстемдігі, ұлттық бірлік туралы көптеген әмбебап идеялары Мемлекет басшысының бастамасымен қабылданған Қазақстанның жаңа Конституциясына енгенін ерекше атап өтті.
Ұлы мешіттің Мәдениет орталығы Кітапханасының Бас директоры Фатиха Тежини сыйға тартылған басылымдарға ризашылығын білдірді. Қазақстандық серіктестермен ынтымақтастықты дамытуға мүдделі екенін атап өтіп, елімізді Ұлттық кітап күнімен құттықтады.
Алжир Ұлы мешіті Мәдени орталығының Вице-ректоры Ғания Ғемрауи Қазақстан басшысының Кітап күнін мерекелеу бастамасын және оның кітап оқуды ұлттың зияткерлік дамуының шешуші элементі ретінде насихаттаудағы күш-жігерін жоғары бағалады.
Алжир Ұлттық кітапханасы Директорының орынбасары Хаят Гунни сыйға тартылған кітаптар кітапхана қорынан лайықты орын алып, қазақ мәдениетіне деген қызығушылықты оятатынын атап өтті. Қазақстандық кітапханалармен ынтымақтастық орнатуды ұсынып, қазақстандық ғалымдарды араб әдебиетінің әлемдегі ең ірі орталықтарының біріне зерттеу жүргізуге шақырды.
Соңында Елші Алжир басшыларын кәсіби мерекелері – Халықаралық кітапханашылар күнімен, сондай-ақ ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік кітап және авторлық құқық күнімен құттықтады.
Алжир Ұлттық кітапханасы елдегі ең үлкен қоғамдық кітапхана және Алжирдің мәдени және зияткерлік мұрасын сақтаудың ең көне және маңызды орталығы болып табылады. Кітапхана еліне және шетелде басылған баспа және қолжазба материалдарын жинақтап, жүйелеп, ұзақ мерзімді сақтауды жүзеге асыратын ұлттық кітап қоймасы қызметін атқарады. Кітапхана қорында әлемнің негізгі тілдеріндегі 16 миллионға жуық кітап бар, оның ішінде сирек кітаптар, мұрағат құжаттары, XI-XII ғасырлардағы тарихи және мәдени құндылығы жоғары қолжазбалар бар.