Португалия Қазақстанмен ынтымақтастықты нығайтуға дайын екенін растауда

Португалия Қазақстанмен ынтымақтастықты нығайтуға дайын екенін растауда

Қазақстанның  Португалиядағы Елшісі Жан Ғалиев Португалия Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Сыртқы саясат жөніндегі бас директоры Элена Малкатамен кездесті.

Әңгіме барысында жоғары мәртебелі дипломатқа Мемлекет басшымыздың бастамасымен елде жүргізіліп жатқан ауқымды реформалар, елдің экономикалық дамуы, сондай-ақ Астананың халықаралық мәселелерді шешудегі белсенді рөлі туралы егжей-тегжейлі ақпарат берілді.

Португалдық дипломат Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Халықаралық су ұйымын құру туралы бастамасына ерекше назар аударды. Бұл бастама тұрақты даму саласындағы халықаралық күн тәртібімен үндеседі және экономикасы су ресурстарымен тығыз байланысты Португалия үшін ерекше қызығушылық тудырады. Жалпы, көпжақты дипломатияның шешуші маңызын атап өткен Лиссабон халықаралық және өңірлік ұйымдар шеңберінде Астанамен тығыз іс-қимыл жасауды көздейді.

Еліміздің қарқынды дамуы, оның Орталық Азия өңіріндегі Еуропалық Одақтың негізгі серіктесі ретіндегі мәртебесінің нығаюы және әлемнің жетекші экономикалары тарапынан Қазақстанға деген қызығушылықтың артуы тұрғысында екіжақты экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту перспективалары талқыланды.

Тараптар екі ел арасында тікелей әуе қатынасын ашудың маңыздылығы туралы ортақ пікірге келді. Тікелей «әуе көпірін» орнату іскерлік байланыстарды жандандырудың, туристік алмасуды кеңейтудің және мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтудың басты факторы екені атап өтілді.

Бас директор сондай-ақ Республика Ассамблеясының депутаттарымен тығыз іс-қимыл жасау арқылы парламенттік дипломатияны белсендіру бойынша Қазақстан Елшілігінің күш-жігерін құптады. Ол Португалия Парламентінің қазіргі құрамы екіжақты деңгейде де, халықаралық және өңірлік ұйымдардың парламенттік ассамблеялары шеңберінде де сыртқы байланыстарды нығайтуға жоғары қызығушылық танытып отырғанын атап өтті.

Кездесу соңында дипломаттар жаңа бастамалар мен жобаларды ілгерілету арқылы серіктестікті сапалы жаңа деңгейге шығаруға дайын екендіктерін растады.