
Қазақстанның Эфиопиядағы Елшілігінің қолдауымен қазақстандық «KTZ Air Cargo» компаниясының делегациясы «Ethiopian Aviation Forum 2026» халықаралық форумына қатысты. Эфиопия астанасында өткен іс-шара аясында «KTZ Air Cargo» басшылығы мен «Ethiopian Airlines» ұлттық әуе тасымалдаушысы арасында келіссөздер жүргізілді.
«Ethiopian Airlines» вице-президенті Л.Ядечамен кездесу барысында қазақстандық тарап сұхбаттасушыны отандық әуе компаниясының құрылу тарихымен, оның стратегиялық міндеттерімен таныстырды. Сондай-ақ Африкадағы ең ірі және әлемдік аренада осы саланың көшбасшыларының бірі болып табылатын әуе компаниясымен ұзақ мерзімді серіктестік орнатуға мүдделілік білдірді.
Өз кезегінде вице-президент компанияның құрылғанына 80 жыл толғанын хабарлап, «Ethiopian Airlines» компаниясының қолданыстағы әлеуетін атап өтті. Ол қазақстандық делегацияның бастамасын құптап, авиажүк қатынасы саласындағы серіктестікті кеңейту бойынша екі әуе компаниясының ортақ мүдделері ұқсас екенін жеткізді.
Қазақстандық делегация сапарының негізгі кезеңі - стратегиялық даму жөніндегі вице-президент Д.Абебаның, сондай-ақ Эфиопия авиациялық университеті, жүк логистикасы, техникалық бақылау және халықаралық ынтымақтастық департаменттері басшыларының қатысуымен өткен кеңейтілген келіссөздер болды.
Тараптар бірлескен іс-қимылдың перспективаларын және жаңа жүк бағыттарын дамыту мәселелерін егжей-тегжейлі талқылады. Ұшу құрамын даярлау және Қазақстаннан келген инженерлік-техникалық мамандардың Эфиопияда біліктілігін арттыру саласындағы ынтымақтастыққа ерекше назар аударылды.
Сонымен қатар, қазақстандық делегация «Ethiopian Airlines» президенті М.Тасьюмен кездесті. Эфиопиялық әуе компаниясының басшысы бірлескен жобаларды жүзеге асыру үшін жаңа серіктестермен өзара іс-қимыл орнатуға мүдделі екенін растады. Ол Қазақстан мен Эфиопия мүмкіндіктерінің синергиясы трансконтиненталды авиациялық логистика саласындағы ынтымақтастықты дамыту үшін кең көкжиектер ашатынын атап өтті.