Қазақстандық «Astana Motors» компаниясы Словакия нарығына шығуда

Қазақстандық «Astana Motors» компаниясы Словакия нарығына шығуда

Қазақстанның Словакиядағы Елшісі Жанна Сағынова Chery брендінің Словакияда ресми түрде ашылуының салтанатты рәсіміне қатысты. Қазақстандық «Astana Motors» компаниясы аталған брендтің Словакия аумағындағы ресми дистрибьюторы болып айқындалды.

«Біз мұны брендті дамыту және клиенттермен жұмыс істеу тәжірибеміздің халықаралық стандарттарға сәйкес келетінін мойындау деп білеміз», – деп атап өтті Astana Motors» компаниясының негізін қалаушы Нұрлан Смағұлов. 

Словакия нарығына Chery бренді бензинді және гибридті нұсқалардағы Tiggo кроссоверлер желісін ұсынады. Жақын арада Братислава, Банска-Быстрица, Тренчин, Мартин, Дунайска-Стреда, Топольчани және Пухов қалаларында жеті дилерлік орталықтың ашылуы жоспарлануда. Жыл соңына дейін Словакиядағы желіні 12 орталыққа дейін кеңейту көзделіп отыр.

Аталған жоба екіжақты экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға, сондай-ақ қазақстандық бизнестің Еуропа нарығына қатысуын кеңейтуге бағытталған маңызды қадам болмақ.