
Қазақстанның Испаниядағы Елшісі Данат Мұсаев Испания Сыртқы істер, Еуропалық одақ және ынтымақтастық министрлігінің Біріккен Ұлттар Ұйымы, халықаралық ұйымдар және адам құқықтары мәселелері жөніндегі бас директоры Люсия Гарсиямен кездесу өткізді.
Кездесу барысында тараптар көпжақты алаңдардағы өзара іс-қимылдың өзекті мәселелерін талқылап, халықаралық ұйымдар шеңберіндегі күш-жігерді үйлестіруге ерекше назар аударды.
Д. Мұсаев БҰҰ жүйесінде ілгерілетіліп жатқан Қазақстанның басым бағыттары туралы ақпарат беріп, Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Халықаралық су ұйымын құру жөніндегі бастамасына ерекше тоқталды. Аталған ұсыныстың су дипломатиясын нығайтуға, су ресурстарын тұрақты басқаруды дамытуға және осы саладағы жаһандық күн тәртібін ілгерілетуге бағытталғаны аталып өтті.
Елші сондай-ақ сұхбаттасушысын Астанада өтетін алдағы Өңірлік экологиялық саммитке дайындық барысымен таныстырды. Бұл саммит су қауіпсіздігі мен орнықты даму мәселелері бойынша келісілген тәсілдерді әзірлеуге арналған маңызды алаң ретінде қарастырылуда.
Испан тарапы көпжақты дипломатия желісі бойынша одан әрі ынтымақтастыққа қызығушылық білдіріп, су саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған күш-жігерді қолдады.
Кездесу қорытындысы бойынша диалогты жалғастыруға және жаһандық су ресурстарын басқарудың тиімді әрі заманауи архитектурасын қалыптастыруға бағытталған бастамаларды бірлесіп пысықтауға өзара мүдделілік расталды.