Қазақстан мен Кувейт цифрлық даму саласындағы ынтымақтастықты талқылады

Қазақстан мен Кувейт цифрлық даму саласындағы ынтымақтастықты талқылады

Қазақстан Республикасының Кувейт Мемлекетіндегі Елшісі Ержан Елекеев Байланыс және ақпараттық технологияларды реттеу басқармасының (CITRA) Директорлар кеңесінің төрағасы Халед Аль-Замельмен кездесу өткізді.

Кездесу барысында тараптар цифрлық даму, жасанды интеллект және ақпараттық-коммуникациялық технологиялар салаларындағы екіжақты ынтымақтастықты дамыту перспективаларын талқылады, сондай-ақ халықаралық алаңдардағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелеріне назар аударды.

Кездесу аясында Елші CITRA басшысына Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Бахтияр Мұхаметқалиев атынан 2026 жылғы 4-5 мамырда Алматы қаласында өтетін «GITEX Caucasus & Central Asia» саммитіне қатысуға ресми шақыру хатын табыстады.

Тараптар электрондық үкімет, жасанды интеллектті дамыту және реттеушілік тәжірибе салаларында тәжірибе алмасуды қоса алғанда, цифрлық саладағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге өзара қызығушылықтарын растады.

CITRA Кувейттегі байланыс және ақпараттық технологиялар саласындағы мемлекеттік реттеуші орган болып табылады. Ол операторларды лицензиялау, радиожиілік спектрін басқару, цифрлық инфрақұрылымды дамыту және телекоммуникациялық қызметтердің сапасын бақылау міндеттерін жүзеге асырады. Реттеуші елдің телекоммуникация нарығын қадағалайды, сондай-ақ 5G желілерін және цифрлық қызметтерді дамытуға бағытталған бастамаларды белсенді түрде іске асырады.