
Қазақстанның Ыстанбұл қаласындағы Бас консулдығында өндіріс, сауда, туризм, білім беру және логистика салаларында Түркияда қызметін жүзеге асырып жүрген қазақстандық бизнес-қоғамдастық өкілдерімен кездесу өтті.
Іс-шара ашық әрі сындарлы диалог форматында өтті. Кездесу барысында қатысушылар Түркияда бизнес жүргізу тәжірибесімен алмасып, сондай-ақ сауда-кәсіпкерлік қызметті дамытуға қатысты өзекті мәселелерді, оның ішінде нарыққа шығудағы қолданыстағы кедергілерді, логистикалық аспектілерді және жергілікті серіктестермен өзара іс-қимылды талқылады.
Кездесу аясында инвестициялық өзара іс-қимылды кеңейту, қазақстандық өнімнің Түркия нарығындағы қатысуын арттыру, шикізаттық емес экспортты ілгерілету, сондай-ақ екіжақты іскерлік байланыстарды нығайту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Кездесу қорытындысы бойынша тұрақты өзара іс-қимылды жалғастыру, бірлескен бастамаларды әзірлеу және Бас консулдық тарапынан қазақстандық кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсету жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді.