
Қазақстан Республикасының Мысыр Араб Республикасындағы Елшілігінің ұйымдастыруымен көрнекті дипломат Асқар Мусиновтың «Халықаралық қатынастар жүйесіндегі Таяу және Орта Шығыс» атты кітабының араб тіліндегі басылымының тұсаукесері тарихи және әлемге танымал Каир университетінде өтті.
Қазақстанның Мысырдағы Елшісі Асқар Жеңіс кітаптың тұсаукесер рәсіміндегі өзінің кіріспе сөзінде Асқар Мусиновтың қазақ дипломатиясындағы алатын орны мен жас ұрпаққа қалдырған өшпес еңбегі туралы айтты.
Сондай-ақ Қазақстан мен Мысыр арасындағы қатынастардағы өзекті мәселелерге тоқталып, оны тереңірек дамытудағы атқарылып жатқан жұмыстарға шолу жасады. Іс-шараға арнайы келген қонақтарға өзінің алғысын білдірді.
Салтанатты іс-шараға қазақ дипломатиясының беделді тұлғалары, АӨСШК Бас хатшысы Қ.Сарыбай мен Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрінің Кеңесшісі, Елші Б.Батыршаев Сыртқы саяси мекеме басшысының жеке тапсырмасына орай қатысты.
Қ.Сарыбай өзінің сөзінде А.Мусиновтың өмірбаянына тоқталып өтіп, оның Қазақстанның араб мемлекеттерімен қатынасының дамуына қосқан зор үлесін айтты.
Министрдің Кеңесшісі Б.Батыршаев Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрінің арнайы жолдаған сәлемдемесін жеткізіп, А.Мусиновтың еңбек жолына тереңірек тоқталды.
Сондай-ақ, аталған шара барысында АҚИҰ Бас директоры Б.Арынның жолдаған сәлемдеме бейне ролигі көрермен назарына ұсынылды. Өзінің сәлемдемесінде ол А.Мусиновтың Ислам әлеміндегі атқарған еңбегі туралы айтып, жалпы өмірбаянынан маңызды сәттеріне шолу жасады.
Мысырлық тараптан қатысқан құрметті қонақтардың арасында араб әлемінің көрнекті саясаткері, Мысырдың бұрынғы Сыртқы істер министрі әрі Араб мемлекеттері Лигасының экс-Бас хатшысы Амр Мұса болды және ол ресми шарада кітаптың тұсауын кесу мәртебесін иеленді.
Сонымен қатар, шараға қатысқан МАР бұрынғы Сыртқы істер министрі Мохаммед әл-Ораби қазіргі таңда өзекті мәселелерді қамтыған кітапты араб тіліне аудару бойынша атқарылған ауқымды жұмысты атап өтіп, әрбір Таяу Шығыс тақырыбына қызығушылық танытатын зерттеуші мен ғалымдарға таптырмас мұра екенін айтты.
Бұрынғы Мысыр Сыртқы істер министрінің орынбасары және қазіргі таңда Мысырдың Сыртқы істер жөніндегі кеңестің директоры Елші Еззат Саад әл-Сайед өзінің сөзінде А.Мусиновтың 1999-2002 жж. аралығында Мысырда Елші қызметін атқарған кезеңдегі еңбегіне тереңірек тоқталып, екі ел арасындағы саси маңызды оқиғалардағы атқарған рөлін жоғары бағалады.
Қызыл теңіз провинциясының бұрынғы губернаторы және қазіргі таңдағы Қазақстан-Мысыр достық Қауымдастығының Төрағасы Ахмед Абдуллах та автордың елдер арасындағы қарым-қатынасының дамуына қосқан үлесін айтты.
Кітаптың тұсаукесер рәсіміне Қазақстаннан арнайы келген Елші А.Мусиновтың отбасы Елшіліктің кітапты аудару бойынша атқарған жұмысына ризашылығын білдіріп, қатысқан құрметті қонақтарға өздерінің кәде-сыйлықтарын табыстады. Тұсаукесер аясында көрермендерге А.Мусиновтың өмімбаяны туралы бейне фильм ұсынылды.
Сонымен қатар іс-шараға қатысқан қонақтарың арасында Мысырда аккредиттелген шетелдік Елшілер, жергілікті жазушылар, саясаткерлер мен БАҚ өкілдері болды.