АӨСШК пен Мысыр аймақтық қауіпсіздік пен көпжақты ынтымақтастықты талқылады

АӨСШК пен Мысыр аймақтық қауіпсіздік пен көпжақты ынтымақтастықты талқылады

Қазақстанның Мысырдағы елшілігінің қолдауымен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің (АӨСШК) Бас хатшысы, Елші Қайрат Сарыбайдың Каирге жұмыс сапары орын алды. Сапар барысында ол Араб мемлекеттері Лигасының Бас хатшысы Ахмед Абулгейтпен, МАР Сыртқы істер, халықаралық ынтымақтастық және шетелдегі мысырлықтар жөніндегі министрінің орынбасары Амр Шербинимен, МАР бұрынғы Сыртқы істер министрі және АӨСШК Ақылмандар алқасына кандидат Мохамед әл-Орабимен және Каир халықаралық қақтығыстарды шешу, бейбітшілікті нығайту және бейбітшілік орнату орталығының директоры Сейф Кандилмен кездесті.

Қайрат Сарыбай Араб мемлекеттері Лигасының Бас хатшысымен өткізген  келіссөздер барысында Лиганың 2002 жылдан бері АӨСШК-ға бақылаушы ретіндегі ұзақ мерзімді рөлін жоғары бағалап, АӨСШК-қа сегіз араб мүше-мемлекеттері байланыстарды нығайтуға және аймақтық ынтымақтастықты дамытуға айтарлықтай үлес қосып отырғандарын атап өтті. Екі тараптың басшылары аймақтық интеграцияның тірегі ретінде көпжақты ынтымақтастық пен қақтығыстарды бейбіт жолмен шешуге деген бейілділіктерін растады.

МАР Сыртқы істер, халықаралық ынтымақтастық және шетелдегі мысырлықтар жөніндегі орынбасары А.Шербинимен кездесу барысынрда Қ.Сарыбай Мысырдың 2025 жыл бойы түрлі салаларда сенім шараларын жүзеге асыруға белсенді қатысуын жоғары бағалады.

Тараптар АӨСШК-тің институционалдық дамуы мен Әзербайжан төрағалығының басымдықтарын талқылады, осы аптада Астанада өткен Аға лауазымды тұлғалар комитеті отырысының нәтижелеріне және Бакудегі 7-ші саммит қарсаңында АӨСШК жарғысының нақтылануына назар аударды. Сондай-ақ, тараптар Батыс Азиядағы қауіпсіздік жағдайының өзгеруін және Мысырдың АӨСШК пен Африка байланыстарын нығайтудағы рөлін қарастырды.

Қ.Сарыбай Мысырдың бұрынғы Сыртқы істер министрі және АӨСШК Ақылмандар алқасына кандидат Мохамед әл-Орабимен Батыс Азиядағы геосаяси даму мен қауіпсіздік перспективаларын талқылады. Олардың диалогы АӨСШК-тың Ақылмандар алқасы, Әйелдер кеңесі, Жастар кеңесі және Талдау орталықтары форумы сияқты негізгі институттары арқылы аймақтық сенімді нығайтудағы рөліне бағытталды. Тараптар сондай-ақ Әзербайжанның төрағалығының басымдықтарын және алдағы Баку саммитінде АӨСШК-ты толыққанды халықаралық ұйымға айналдыруды талқылады.

Каир халықаралық қақтығыстарды шешу, бейбітшілікті нығайту және бейбітшілік орнату орталығының директоры Сейф Кандилмен келіссөздер барысында әйелдер мәселелері, халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздік саласындағы күн тәртібі және жастардың дерадикалдануына назар аударылды. Екі тарап АӨСШК Жастар кеңесі мен Асуан форумы арасындағы әлеуетті арттыру мүмкіндіктерін зерттеуге келісті.

9 сәуірде Бас хатшы Қ.Сарыбай жұмыс сапары барысында Каир университетінде «Халықаралық қатынастар жүйесіндегі Таяу және Орта Шығыс» монографиясының араб тіліндегі аудармасының тұсаукесеріне қатысты.

Кітаптың авторы – Қазақстан мен Таяу Шығыс арасындағы байланысты нығайтуға және ислам ынтымақтастығын дамытуға өз мансабын арнаған көрнекті қазақстандық дипломат, марқұм Елші Асқар Мусинов.

Қ.Сарыбай автормен ұзақ мерзімді кәсіби және жеке қарым-қатынасына ой жүгірте отырып, кітапты араб әлемінде және одан тыс жерлерде өзара сенім мен ынтымақтастықты нығайта беретін дипломатиялық көпір қызметін атқаратын мемлекет қайраткерінің интеллектуалдық мұрасы деп сипаттады.