
Краснодар өлкесімен екіжақты байланыстарды дамыту және кеңейту аясында Қазақстан Республикасының Астрахан қаласындағы Бас консулы Қанат Хасеновтың Краснодар қаласына барды.
Сапар барысында Краснодар өлкесінің губернаторы Вениамин Кондратьевпен кездесу ұйымдастырылды. Тараптар қазақ-ресейлік аймақаралық ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын талқылап, сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту, гуманитарлық ынтымақтастық және жоғары оқу орындары арасындағы әріптестік мәселелеріне ерекше назар аударды.
Кездесуде агроөнеркәсіптік кооперацияны нығайтуға, өзара сауда номенклатурасын кеңейтуге және бизнес арасындағы өзара іс-қимылды жандандыруға бағытталған ортақ ниет расталды. Сондай-ақ, арнайы экономикалық аймақтардың инфрақұрылымына қол жеткізу және инвестициялық қызметті қолдаудың қолданыстағы шараларын қоса алғанда, Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері таныстырылды.
Сапар барысында Бас консул «Юг Текстиль» және «Si Mosaic» тоқыма және интерьерге арналған шыны бұйымдарын өндіруші кәсіпорындарда болды. Қазақстанның әлеуетті серіктестерімен ынтымақтастық перспективалары туралы пікір алмасу жүргізілді.
Сол күні сапар аясында Қ.Хасенов Кубань мемлекеттік университетінің ректоры Михаил Астаповпен кездесті.
Академиялық және гуманитарлық әріптестікті дамыту бағыттары, оның ішінде жоғары оқу орындары арасындағы академиялық алмасу және бірлескен білім беру бастамаларын іске асыру мәселелері талқыланды.
Сонымен қатар, Бас консул университет қабырғасында қазақстандық студенттермен жүздесті. Кездесу барысында дипломат сапалы білім алудың маңыздылығын атап өтіп, студенттерді оқу үдерісінде білімдерін тереңдетуге және кәсіби дағдыларын дамытуға шақырды. Сондай-ақ, студенттерге Бас консулдықтың қызметі, консулдық есепке тұру қажеттілігі және Ресей Федерациясының заңнамасын міндетті түрде сақтау туралы ақпарат берілді. Бұдан бөлек, қазақстандық студенттерді толғандыратын басқа да мәселелер де талқыланды.