Қазақстан мен NEXI бірлескен жобаларды талқылады

Қазақстан мен NEXI бірлескен жобаларды талқылады

Қазақстан Республикасының Жапониядағы Елшісі Ерлан Баударбек-Кожатаев Жапония экспорт пен инвестицияларды сақтандыру агенттігінің (NEXI) Төрағасы Ацуо Куродамен кездесу өткізді.

Тараптар инвестициялық және сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамыту перспективаларын, сондай-ақ келісімшарттарды іске асыру кезінде тәуекелдерді жабу бойынша «NEXI» тетіктерін қоса алғанда бірлескен жобаларды сақтандыру және қаржылық қолдау саласындағы өзара іс-қимылды кеңейту мәселелерін талқылады.

2025 жылғы желтоқсанда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Токиоға ресми сапары аясында Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі мен Жапонияның экспорт пен инвестицияларды сақтандыру агенттігі арасында қол қойылған ынтымақтастық туралы меморандумды іске асыруға ерекше назар аударылды.

«NEXI» Төрағасы А.Курода жапон тарапының Қазақстанмен ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүдделі екенін растады және жапон компанияларының Қазақстандағы жобаларына қаржылық-сақтандыру қолдауын көрсету мүмкіндігін қарастыруға дайын екенін білдірді. Сонымен қатар, ол энергетика, аса маңызды минералдар, логистика және басқа да салалардағы екіжақты өзара іс-қимылдың әлеуетін атап өтті.

Сонымен бірге, А.Курода 2026 жылғы мамырда Астанада өтетін Халықаралық кредиттер мен инвестицияларды сақтандырушылар одағының (Берн одағы) отырысына қатысу үшін Қазақстанға «NEXI» делегациясын жолдайтынын хабарлады.