
CERAWeek халықаралық энергетикалық конференциясы аясында қазақстандық дпелегация «Мұнай нарығының жаһандық болжамы: іргелі факторлар және геосаяси турбуленттілік» атты сессияға қатысты.
Өз сөзінде Қазақстан Республикасының Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Қазақстанның мұнай саласының қазіргі жағдайын таныстырды. Елдің әлемдік нарыққа сенімді энергия ресурстарын жеткізуші ретіндегі рөлін сақтап отырғаны аталып өтті.
Министр сала алдында тұрған негізгі сын-қатерлерді, соның ішінде энергетикалық қауіпсіздік мәселелерін, атап айтқанда Қазақстан мұнайының негізгі бөлігі экспортталатын Каспий құбыр консорциумының (КҚК) тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету қажеттігін белгіледі. Бұл бағыттың ұлттық экономика үшін аса маңызды екені және оның үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету қажеттігі ерекше аталып өтті.
Сондай-ақ, баяндамада мұнай-газ саласындағы инвестициялық ахуалды жақсарту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Министр салықтық жеңілдіктерді көздейтін және геологиялық барлау мен көмірсутектер өндіруге жаңа инвестициялар тартуға бағытталған Жетілдірілген үлгілік келісімшарттың қолданыста екенін атап өтті.
Сонымен қатар, мұнай-газ химиясын дамыту бойынша стратегиялық жоспарлар да айтылды. Қазақстан мұнай өңдеу қуаттарын екі есеге арттыруды көздейді, бұл ішкі нарықты қамтамасыз етіп қана қоймай, Орталық Азия өңіріндегі мұнай өнімдерін жеткізуші ретіндегі елдің жайғасымын нығайтуға мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, CERAWeek конференциясы аясында Энергетика министрі Е.Ақкенженов АҚШ Энергетика министрі К.Райтпен және америкалық ірі мұнай-газ компанияларының басшылығымен кездесулер өткізді.