Қазақстан мен Финляндия экономика және туризм салаларындағы ынтымақтастықты нығайтуда

Қазақстан мен Финляндия экономика және туризм салаларындағы ынтымақтастықты нығайтуда

Қазақстанның Финляндиядағы Елшісі Азамат Әбдіраимов Финляндияның экономика Министрі Сакари Пуистомен кездесті.

А.Әбдіраимов Министрге Қазақстанның жаңа Конституциясын қабылдау жөніндегі жақында өткен республикалық Референдумның қорытындылары туралы хабардар етті. Өз кезегінде С.Пуисто Қазақстанды Референдумның табысты өтуімен және жаңа Конституцияның қабылдануымен құттықтап, бұл қадамның елдің одан әрі саяси және экономикалық дамуы үшін маңызды екенін атап өтті.

Қазақ дипломаты Қазақстанның Финляндиямен ынтымақтастықты нығайтуға айрықша мән беретінін және туризм мен экономика салаларындағы бірлескен жобаларды іске асыруға белсенді түрде жәрдемдесуге дайын екенін атап өтті. Ол екіжақты өзара іс-қимылдың әлеуеті қазіргі деңгейден әлдеқайда жоғары екенін айтып, жаңа бастамалар серіктестікті дамытуға қосымша серпін беретініне сенім білдірді.

Келіссөздердің негізгі өзегі туризм саласындағы ынтымақтастық перспективаларын талқылау болды. Тараптар фин азаматтарының Қазақстанның мәдени және табиғи мұрасына деген қызығушылығы артып отырғанын, сондай-ақ екі ел арасындағы туристік ағынды ұлғайту үшін зор мүмкіндіктер бар екенін атап өтті. Тікелей бағыттарды кеңейту, бірлескен туристік өнімдерді ілгерілету және заманауи туристік инфрақұрылымды дамыту бойынша тәжірибе алмасу мәселелері қарастырылды. Министр С.Пуисто Финляндияның тұрақты туризм саласындағы серіктестікті тереңдетуге және инновациялық шешімдерді енгізуге мүдделі екенін атап өтті.

Туризмнен бөлек, тараптар экономикалық ынтымақтастықтың жай-күйі мен перспективаларын да талқылады. Инвестициялық өзара іс-қимыл, инновацияларды дамыту, шағын және орта бизнесті қолдау, «жасыл» экономика және жоғары технологиялық салалардағы технологиялармен алмасу мәселелері сөз болды.

Тараптар белсенді диалогты жалғастыру және Қазақстан мен Финляндия арасындағы байланыстарды нығайтуға бағытталған бірлескен жобаларды ілгерілету жөнінде нақты қадамдар әзірлеу туралы уағдаласты.