
Қазақстан Республикасының Хорватиядағы Елшілігі құрметті консулдықтармен бірлесіп, елдің ірі туристік қалалары – Сплит, Дубровник және Опатияда «Ұлы дала елі туралы не білесіз?» атты танымдық фотокөрмелер ұйымдастырды.
Наурыз мерекесіне орай ұйымдастырылған іс-шаралар аясында қалалардың басты көшелері мен қоғамдық кеңістіктерінде Қазақстан туралы мәліметтер қамтылған көрнекі плакаттар орналастырылды.
Хорватия тұрғындары мен қонақтарына Қазақстан туралы көпшілікке кеңінен мәлім емес, бірақ қызығушылық тудыратын танымдық материалдармен танысу мүмкіндігі ұсынылуда. Атап айтқанда: Алматы – алманың отаны; Қазақстан – қызғалдақтың отаны; Байқоңыр – әлемдегі алғашқы ғарыш айлағы және т.б.
Фотокөрме Сплит қаласында 2026 жылғы 19–28 наурыз, Дубровник қаласында 2026 жылғы 22 наурыз – 10 сәуір, ал Опатия қаласында 2026 жылғы 22 наурыз – 5 сәуір аралығында өтуде.
Аталған бастама елдеріміз арасындағы мәдени және гуманитарлық байланыстарды нығайтуға, сондай-ақ екіжақты ынтымақтастықты дамытуға бағытталған.
Сонымен қатар, Қазақстанды халықаралық туризм үшін тартымды бағыт ретінде ілгерілетуге, оның туристік әлеуетін танытуға және шетелдік аудитория тарапынан тұрақты қызығушылық қалыптастыруға ерекше назар аударылады.