Қатар Парламенті Қазақстандағы референдум қорытындыларын жоғары бағалады

Қатар Парламенті Қазақстандағы референдум қорытындыларын жоғары бағалады

Қазақстан Республикасының Қатар Мемлекетіндегі Елшісі Арман Исағалиев Қатар Мемлекетінің Консультативтік кеңесінің Төрағасы Хасан бен Абдулла Әл-Ғаниммен кездесу өткізді.

Сұхбат барысында тараптар Қазақстан мен Қатар арасындағы стратегиялық серіктестіктің қазіргі жай-күйін талқылап, оны одан әрі нығайтудың басым бағыттарын айқындады. Парламентаралық ынтымақтастықты дамыту, сондай-ақ сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды кеңейту мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Қазақ дипломаты жаңа Конституция жобасы бойынша өткізілген референдумның қорытындылары туралы ақпарат беріп, елдің институционалдық дамуы мен мемлекеттік басқару жүйесін жетілдірудегі маңызын атап өтті.

Өз кезегінде қатарлық тарап референдум нәтижелері қоғамның жүргізіліп жатқан реформаларға кең қолдауын айқын көрсететінін атап өтіп, жаңартылған конституциялық модель мемлекеттің орнықты дамуы мен институттарының тиімділігін арттыруға берік негіз болатынына сенім білдірді.

Сонымен қатар, тараптар жоғары деңгейдегі өзара сапарлар қорытындысы бойынша қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыруға өзара мүдделілігін растады.

Осы орайда, екі ел халықтары арасындағы өзара құрмет пен қолдауға негізделген дәстүрлі достық қатынастардың мазмұны жаңа серпінмен толығып, одан әрі нығыйып келе жатқанын атап өтті.

Кездесу соңында өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасып, бейбітшілік пен тұрақтылықтың негізгі алғышарты ретінде қайшылықтарды тек саяси-дипломатиялық жолмен шешудің маңыздылығы айтылды.