Ташкентте қазақ-өзбек ынтымақтастығының басым бағыттары талқыланды

Ташкентте қазақ-өзбек ынтымақтастығының басым бағыттары талқыланды

Қазақстанның Өзбекстандағы Елшісі Бейбіт Атамқұлов Өзбекстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Бобур Усмановпен кездесті.

Кездесу барысында Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаевтың Өзбекстан Республикасына жоспарланған ресми сапарына, Астана қаласында өтетін Өңірлік экологиялық саммитке дайындық мәселелері, сондай-ақ қазақстан-өзбек ынтымақтастығының өзекті мәселелері талқыланды.

Тараптар экология және климаттың өзгеруі мәселелерін шешуде өңірлік өзара іс-қимылды нығайту үшін Өңірлік экологиялық саммиттің маңыздылығын атап өтіп, оның бірыңғай өңірлік күн тәртібін қалыптастырудағы және нақты жобаларды іске асырудағы рөлін жоғары бағалады.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ аясында Халықаралық су ұйымын құру жөніндегі бастамасына ерекше назар аударылды.

Елші Б.Атамқұлов өзбек тарапына аталған ұйымның су ресурстары саласындағы мемлекетаралық үйлестіруді күшейтуге бағытталған артықшылықтары туралы жан-жақты ақпарат берді.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар одақтастық және стратегиялық серіктестік рухында екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға өзара дайын екендіктерін білдірді.