Мәскеуде Қазақстанның жаңа Конституциясы бойынша Референдумның қорытындылары талқыланды

Мәскеуде Қазақстанның жаңа Конституциясы бойынша  Референдумның қорытындылары талқыланды

Мәскеуде Қазақстан Елшілігінде Ресей парламентшілерінің, дипломаттардың, заңгерлер мен саясаттанушылардың қатысуымен ҚР жаңа Конституциясын қабылдау мәселесі бойынша Референдумның қорытындысы бойынша дөңгелек үстел өтті.

Кездесуді аша отырып, Қазақстанның Ресейдегі Елшісі Дәурен Абаев жиналғандарды Орталық сайлау комиссиясы жариялаған плебисциттің алдын ала нәтижелерімен таныстырды. Алдын ала сандарға сәйкес, келу 73%-дан асқан, жаңа Конституцияны қолдап шамамен 8 миллионға жуық адам дауыс берген, бұл референдумға қатысушылардың 87%-дан астамын құрайды. Ол бұл көрсеткіштер Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың күш-жігерінің, оның саяси бағытына деген сенімнің нақты бағасы екенін, ал жаңа Конституцияны қабылдау ел үшін маңызды, шешуші оқиға болып табылатынын атап өтті.

Федерация Кеңесі Халықаралық істер комитеті төрағасының бірінші орынбасары Андрей Денисов Ресейде референдумды үлкен назармен және қызығушылықпен бақылағанын айтты. «Тәжірибе - шындықтың өлшемі. Қазақстанның жаңа конституциялық координаттар жүйесінде қалай дамитыны бізде өте қатты қызығушылық тудыруда»,-деп атап өтті сенатор және Қазақстан-Ресей парламенттік өзара іс-қимылының сыналған нысандарын сақтаудың маңыздылығын еске салды.

Мемлекеттік Думаның Шағын және орта кәсіпкерлік комитеті төрағасының бірінші орынбасары Альфия Когогина депутаттық корпуста референдумға дайындық пен оның өтубарысын жоғары ықыласпен бақылағанын айтты. Оның бағалауы бойынша, процесс бұзушылықсыз өтті, барлығы халықаралық және ұлттық заңнама шеңберінде болды, азаматтардың ерік білдіруі үшін барлық қажетті жағдайлар жасалды, бейтараптық қағидаттары сақталды, жоғары деңгейде өткізу қамтамасыз етілді, азаматтар өздерінің конституциялық құқықтарын іске асыра алды және үлкен қызығушылық танытты, бұған дауыс берушілердің аса жоғары белсенділігі куә.

РФ СІМ ТМД елдерінің үшінші департаменті директоры Александр Стерник Қазақстан басшылығы сайлау процесінің аса жоғары халықаралық стандарттарға сәйкес толық ашықтығы мен демократиялық сипатын көрсетті деп келісті. Атап айтқанда, сайлаушылардың Конституция жобасының мазмұны туралы жоғары хабардарлығы үлкен әсер қалдырды.

Негізгі Заңның мазмұнына түсініктеме бере отырып, О.Е. Кутафин атындағы Мәскеу мемлекеттік заң университетінің ректоры Виктор Блажеев өзіне жақын білім беру саласына тоқталды. Оның пікірінше, азаматтардың тегін білім және медициналық қызмет алу құқығының мызғымастығы құқық пен еркіндікті қорғау тұрғысынан өте маңызды.

Саясаттанушы Алексей Власов жаңа Конституцияның қабылдануы уақтылы және қажет деп атады. Оның айтуынша, егер 1995 жылғы құжат КСРО ыдырағаннан кейінгі жағдайды ескере отырып, жаңа мемлекеттіліктің негізін құраса, ендігі жаңа Негізгі Заң соңғы онжылдықтардағы іргелі өзгерістерді бекітеді.

Онымен Аймақтық мәселелер институтының ғылыми жетекшісі Дмитрий Журавлев келісті. Ол КСРО ыдырағаннан кейін жаңа мемлекеттерде супер президенттік республикалардан басқа ештеңе болмағанын еске салды. «Бұл тетік өз міндетін орындады, артық болып қалды, енді Қазақстанның жаңа Конституциясында белгіленгендей парламенттік-президенттік республика тиімдірек болуда. Және де, оның тез қабылданғаны өте жақсы. Өйткені, кез келген ескінің қалдықтары процесті баяулатады, олар жаман болғаннан емес, қазіргі заманға сай болмағаннан», - деді сарапшы.

РФ Үкіметі жанындағы Заңнама және салыстырмалы құқықтану институтының директоры Талия Хабриева Қазақстанның жаңа Конституциясы бойынша ең жоғары заң стандарттары деңгейінде жүргізілген орасан зор жұмысты атап өтті. «Бұл, бір жағынан, әлемдік конституциялық мұраның жалпыға танылған қағидаттарын ғана емес, сонымен қатар мемлекеттің ұлттық-тарихи ерекшеліктерін ескеретін оңтайлы модельді іздеу - және бұл, менің ойымша, өткен конституциялық реформаның басты ерекшелігі деуге де болады», – деп түйіндеді ол.

«Справедливый мир» институтының геосаясат жөніндегі сараптамалық кеңесінің жетекшісі Владимир Грачев таныс байқаушылардың референдум туралы әсерлерімен бөлісті, олардың барлығы жетістік туралы, қазақстандықтардың белсенділігі мен ынта-жігері туралы тамсана айтқанын жеткізді.

Ресей Ғылым академиясының Қытай және қазіргі Азия институтының Орталық Азия зерттеулер орталығының жетекшісі Александра Перминова да жоғары белсенділікті ескеріп, бұл жоғары сапалы үгіт-насихат және түсіндіру жұмыстарының нәтижесі екенін атап көрсетті.

Осы тұрғыда РҒА Шығыстану институтының Орталық Азия заманауи зерттеулер зертханасының меңгерушісі Андрей Быков көптеген қазақстандық интернет-пайдаланушылардың өз аккаунттарында референдумға баруға дайын екендіктерін атап өткендеріне назар аударды. «Бұл азаматтардың оқиғаға деген көзқарасының көрсеткіші, олар үшін бұл өте маңызды болды, өйткені елдің болашағы осыған байланысты», - деді ол.

«Валдай» клубын дамыту қоры кеңесінің төрағасы Андрей Быстрицкий Қазақстанда бірегей жаңа қоғамның қалыптасуын байқағанын және оның одан әрі дамуын бақылауқызығушылық тудыратынын айтты. Оның айтуынша, жаңа Конституция саяси элитада және қоғамның өзінде де көптеген мәселелерді қайта қарауға жол ашады.

Ресей СІМ ММХҚИ Дипломатиялық академиясының заң факультеті кафедра меңгерушісі Андрей Данелян жаңа Конституцияда орыс тілі мәртебесінің өзгеруіне түсініктеме бере отырып, республикада орыс тіліне қатысты ешқандай проблема жоқ екенін айта кетті. Ол өзінің ЖОО-ғықазақстандық студенттердің орыс тілін жетік білетінін мысалға келтірді.

Дөңгелек үстелді қорытындылай келе, оның қатысушылары қазақстандықтарды референдумның сәтті өтуімен құттықтап, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың рөлін және оның соңғы жылдардағы ауқымды саяси өзгерістерді дәйекті жалғастыру бойынша бағытын атап өтті.

Олардың пікірінше, Қазақстанның жаңа Конституциясы ішкі және сыртқы сын-қатерлерге өзгерістер мен жауаптарды көрсетеді. Сондай-ақ, олар жаңа Негізгі Заң Қазақстан мен Ресей арасындағы тату көршілік қарым-қатынастарды дамытуға қызмет ететініне сенім білдірді.