
Женевадағы Қазақстан Республикасының Дүниежүзілік сауда ұйымы жанындағы Тұрақты өкілдігі Халықаралық электр байланысы одағымен (ХЭО) бірлесіп «Телекоммуникациялар – киберқауіпсіздіктің негізі» тақырыбында брифинг өткізді.
Іс-шара Женевада аккредиттелген дипломатиялық миссиялардың өкілдерін біріктіріп, телекоммуникациялық инфрақұрылымның киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету мен цифрлық жүйелердің тұрақтылығын арттырудағы рөлін талқылауға арналды.
Іс-шараның ашылуында Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілі Қайрат Төребаев құттықтау сөз сөйлеп, сенімді телекоммуникациялық инфрақұрылым қазіргі цифрлық экономиканың негізгі тіректерінің бірі екенін, ал халықаралық ынтымақтастық жаһандық киберқауіпсіздікті нығайтуда маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
Бағдарлама аясында ХЭО сарапшылары киберқауіпсіздік саласындағы жаһандық үрдістер мен негізгі сын-қатерлерге шолу жасады.
Қазақстанның цифрлық трансформациясы туралы презентацияны Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің Телекоммуникациялар комитетінің төрағасы Дамир Сейсембеков таныстырды. Ол телекоммуникация секторын дамыту елдің цифрлық трансформациясының негізгі қозғаушы күштерінің бірі екенін атап өтті.
Презентация барысында Қазақстанның цифрлық экожүйені белсенді түрде дамытып жатқаны атап өтілді: бүгінде 1300-ден астам мемлекеттік қызмет онлайн форматта қолжетімді, ал электрондық үкімет жүйесі БҰҰ-ның электрондық үкіметті дамыту индексінде 24-орында тұр.
Сондай-ақ телекоммуникациялық инфрақұрылымды дамытуға ерекше назар аударылды: соңғы үш жылда салаға 2,5 млрд АҚШ долларынан астам инвестиция тартылды, ал «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы 2027 жылға қарай ел аумағын 100 пайыз интернетпен қамтуды көздейді.
Өткізілген брифинг дипломатиялық және сарапшылық қауымдастық арасында қауіпсіз әрі тұрақты цифрлық инфрақұрылымды дамыту мәселелері бойынша пікір алмасуға арналған тиімді алаң болды.