
Қазақстан Республикасының Бельгия Корольдігіндегі және Люксембург Ұлы Герцогтігіндегі Елшісі Роман Василенко Люксембург Депутаттар палатасының Төрағасы Клод Визелермен кездесті.
Тараптар Қазақстан–Люксембург ынтымақтастығының қазіргі жағдайы мен даму перспективаларын, сондай-ақ халықаралық және өңірлік күн тәртібінің өзекті мәселелерін талқылады. Саяси және парламентаралық диалогты одан әрі дамытуға қызығушылық бар екені атап өтілді.
Люксембург парламентінің төрағасы Қазақстандағы конституциялық реформаларды құптап, Люксембургтің парламенттік жүйесінде Қазақстандағы реформалармен үндес бірқатар институционалдық ерекшеліктер бар екенін атап өтті. Атап айтқанда, елде бір палаталы парламент — Депутаттар палатасы жұмыс істейді. Сонымен қатар, Люксембургтің Мемлекеттік кеңесі (Conseil d’État) — заң жобаларын қарауға қатысатын жоғары консультативтік орган қызмет етеді.
Тараптар Қазақстан мен Люксембург арасындағы парламентаралық өзара іс-қимылды одан әрі дамытуға және саяси диалогты нығайтуға өзара мүдделілікті растады.