Абу Дабиде қоршаған ортаны қорғау және су дипломатиясы мәселелері талқыланды

Абу Дабиде қоршаған ортаны қорғау және су дипломатиясы мәселелері талқыланды

Қазақстан Республикасының Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Елшісі Рауан Жұмабек Абу Дабидің Қоршаған ортаны қорғау агенттігі Директорлар кеңесі төрағасының орынбасары әрі Агенттіктің Атқарушы комитетінің төрағасы Мұхаммед бен Ахмед әл-Бауардимен кездесті.

Кездесу барысында қазақ дипломаты Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевтың атынан
биыл 22-24 сәуірде Астанада өтетін Өңірлік экологиялық саммитке шақыруды табыстады.

Елші Р.Жұмабек сондай-ақ Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Халықаралық су ұйымын құру жөніндегі бастамасы туралы ақпарат беріп, жаһандық су дипломатиясын дамыту үшін мемлекеттер арасындағы өзара іс-қимылды нығайтудың маңыздылығын атап өтті.

Осы тұрғыда тараптар Қазақстан мен БАӘ-нің экологиялық және су жөніндегі мәселелерді ілгерілету бағытындағы күш-жігері өзара толықтыруды қажет ететінімен, оның ішінде Әмірліктер тарапының 2026 жылғы желтоқсанда Абу Дабиде өтетін БҰҰ-ның III Су конференциясына дайындық аясында ерекше мәні бар екенімен келісті. Сонымен қатар, екі елдің бұл бағыттағы іс-қимылдары үйлестіруге әрі табиғи ресурстарды тұрақты басқару саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталғаны айтылды.

Өз кезегінде Мұхаммед бен Ахмед әл-Бауарди Әмірліктер тарапының Қазақстанмен ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге дайын екенін растады. Сондай-ақ, ол елімізде жүзеге асырылып жатқан Сұңқарларды табиғатқа жіберу жөніндегі шейх Заид бағдарламасының экологиялық маңызын атап өтіп, бұл бастама жыртқыш құстардың популяциясын қалпына келтіруге және табиғи тепе-теңдікті сақтауды көздейтінін айтты.

Кездесу соңында тараптар алдағы халықаралық іс-шаралар Қазақстанның Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен Абу Даби Қоршаған ортаны қорғау агенттігі арасындағы ынтымақтастықты дамытуға және бірлескен жобаларды әзірлеуге маңызды алаң бола алатынын атап өтті.

Мұхаммед бен Ахмед әл-Бауарди – БАӘ-нің тәжірибелі мемлекеттік қайраткері. Ол елдің қорғаныс саясатын қалыптастыруға, ұлттық қауіпсіздігін нығайтуға елеулі үлес қосқан, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау саласындағы қызметке белсенді қатысады.

- 2016–2024 жж. – БАӘ Қорғаныс істері жөніндегі мемлекеттік министрі;

- 2024 жылдан бастап – Абу Даби Қоршаған ортаны қорғау агенттігі Директорлар кеңесі төрағасының орынбасары және Агенттіктің Атқарушы комитетінің төрағасы.

Абу Даби Қоршаған ортаны қорғау агенттігі – 1996 жылы құрылған мемлекеттік орган, сондай-ақ агенттік экологиялық саясатты қалыптастыру және жүзеге асыру, табиғи ресурстарды қорғау мәселелеріне жауап береді. Ол биоалуантүрлілікті сақтау, қоршаған ортаның жай-күйін мониторингтеу және БАӘ-де табиғатты тұрақты пайдалануды дамыту бағытында жұмыс жүргізеді.