Мажарстанның Мемлекеттік жиналысында Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформаларға қолдау білдірілді

Мажарстанның Мемлекеттік жиналысында Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформаларға қолдау білдірілді

Қазақстанның Мажарстандағы Елшісі Абзал Сапарбекұлы Мажарстан Мемлекеттік жиналысының (Парламент) вице-спикері, Мажарстан-Қазақстан парламент аралық достық тобы төрағасының орынбасары Лайош Олахпен кездесіп, қазақ-мажар стратегиялық серіктестігі аясында екіжақты қатынастардың күн тәртібіндегі өзекті мәселелерін талқылады.

Тараптар парламентаралық байланыстардың маңыздылығына тоқталып, оның қазіргі даму динамикасына жоғары баға берді. Бұдан басқа, сұхбаттастар қазіргі Орталық және Шығыс Еуропа мен Таяу Шығыстағы күрделі жағдайларға, әсіресе оның жаһандық экономика мен энергетикалық жеткізу тізбектеріне тигізетін теріс әсері туралы пікір алмасты.

А.Сапарбекұлы, мажар депутатын Қазақстанда осы жексенбіде өтетін Республикалық референдум туралы хабардар етіп, оның аясында ел тағдырын шешетін жаңа конституцияның маңызды тұстарын атап өтті. Болашақ Парламенттің атауы, құрылымы мен өкілеттігі бойынша пікірі, қоғамдық-саяси және мемлекеттік билік институттарын реформалау туралы мәлімет берілді.

Л.Олах өз кезегінде, халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер төңірегіндегі пікірімен бөлісіп, 12 сәуірде Мажарстанда өтетін парламенттік сайлау төңірегінде пікір білдірді.

Төраға орынбасары еліміздің жаңа конституциясы төңірегінде хабардар екенін айтып, оны дайындау барысында өткізілген қоғамдық пікірталастарға, енгізілген ұсыныстарға жоғары баға беріп, алдағы референдум Қазақстанның жаңғыру жолындағы маңызды әрі тарихи кезеңі екенін атап өтті.