
Қазақстанның Мысырдағы Елшісі Асқар Жеңіс Мысырдың Сыртқы істер, халықаралық ынтымақтастық және шетелдегі мысырлықтар істері жөніндегі министрінің орынбасары доктор Самар әл-Ахдальмен кездесті.
2026 жылғы ақпандағы Мысыр министрлер кабинетінің ауқымды реструктуризациясын ескере отырып, тараптар сауда-экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Мысыр үкіметаралық комиссиясы (ҮАК) аясындағы жаңа ұйымдастырушылық механизмдер мен өзара іс-қимыл перспективаларын талқылады.
Осыған байланысты, кездесудің басты тақырыбы осы жылы Астанада өтуі жоспарланған ҮАК-тың алтыншы отырысына дайындық болды. Министрдің орынбасары үкіметтегі қайта құрулардың нәтижесінде комиссия қызметін енді тікелей сыртқы саяси ведомство қадағалайтынын атап өтті.
Пікір алмасу аясында тараптар Таяу Шығыстағы аймақтық қауіпсіздік мәселелерін талқылап, осы тақырып бойынша екі елдің Сыртқы істер министрлері арасында жақында өткен телефон арқылы сөйлесудің маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар, қазақстандық дипломат сұхбаттасын 15 наурызға жоспарланған конституциялық референдумға дайындық барысымен таныстырды.
Кездесу соңында тараптар ҮАК-ты өткізу мерзімдерін жеделдетуге және тұрақты дамудың барлық бағыттары бойынша белсенді диалогты жалғастыруға ниетті екендіктерін растады.