Қазақстан мен Эфиопия ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастыққа дайын

Қазақстан мен Эфиопия ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастыққа дайын

Қазақстанның Эфиопиядағы Елшісі Жалғас Әділбаев Эфиопияның Инновациялар және технологиялар министрі Белете Молла Гетахунмен кездесу өткізді.

Әңгімелесу барысында тараптар инновация, цифрлық трансформация, сондай-ақ жасанды интеллектіні енгізу саласындағы екіжақты іс-қимылдың кең ауқымды мәселелерін талқылап, екі елдің осы саладағы мақсат-міндеттерінің ұқсас екендігін атап өтті.

Кездесудің басында қазақ дипломат Министрді Қазақстанның мемлекеттік басқару жүйесіндегі ауқымды реформалар туралы хабардар етіп, 2026 жылғы 15 наурызда ел Конституциясына өзгерістер енгізу бойынша жалпыұлттық Референдум өтетіні туралы мәлімдеді.

Сонымен қатар Ж.Әділбаев Эфиопияның цифрландыру динамикасына жоғары баға беріп, қазақстандық цифрлық даму бағдарламасы мен эфиопиялық «Digital Ethiopia» стратегиясының үндестігін атап өтті. Пікір алмасу барысында тараптар Эфиопия үкіметінің 2025 жылдың соңында ұсынған «Digital Ethiopia 2030» жаңа стратегиялық бағдарламасын іске асыру жоспарлары туралы бөлісті.

Министр қазақ дипломатты Эфиопияның цифрлық технологияларды дамытудағы мақсаттары мен міндеттері туралы хабардар етіп, осы салада ауқымды тәжірибесі бар Қазақстанмен ынтымақтастықты дамытуға ықтиярын білдірді.

Қазақстан Елшісі өз кезегінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанда цифрлық технологиялар экожүйесін дамытуға және мемлекеттік қызметте жасанды интеллектіні қолдануға ерекше көңіл бөліп отырғанын жеткізді. Сонымен қатар, ол Мемлекет басшысының жарлығымен 2026 жыл Қазақстанда Жасанды интеллект және цифрлық технологиялар жылы болып жарияланғанын хабарлады.

Сұхбат аясында тараптар Астана мен Аддис-Абеба арасындағы ұзақ мерзімді ынтымақтастықты дамыту мақсатында Ақпараттық және коммуникациялық технологиялар саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қоюға, сарапшылар деңгейінде консультациялар өткізуге және ресми делегациялардың өзара сапарларын ұйымдастыру бойынша ортақ мақсатқа сай мүдделілерін растады.

Кездесу соңында тараптар Қазақстан мен Эфиопияның жинақтаған тәжірибесі мен технологиялық әлеуеті екі елдің цифрлық трансформациядағы өңірлік көшбасшылығын нығайтуға қуатты серпін беретініне сенім білдірді.