Женевада зияткерлік меншік және инновациялар саласындағы ынтымақтастықты нығайту мәселелері талқыланды

Женевада зияткерлік меншік және инновациялар саласындағы ынтымақтастықты нығайту мәселелері талқыланды

World Intellectual Property Organization (Зияткерлік меншік жөніндегі дүниежүзілік ұйым – ДЗМҰ) штаб-пәтерінде Қазақстан Республикасының ДСҰ және басқа да халықаралық экономикалық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілі Қайрат Төребаевтың ДЗМҰ Бас директоры Дарен Тангпен кездесуі өтті.

Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен ДЗМҰ арасындағы зияткерлік меншік жүйесін дамыту және инновациялық экожүйені нығайту салаларындағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын талқылады. Қазақстан тарапы 2026 жылғы 23-26 ақпан аралығында Астана және Алматы қалаларында өткен ДЗМҰ Академиясының зияткерлік меншік саласында кадрларды даярлау қажеттіліктерін бағалау жөніндегі миссиясының табысты өткеніне алғысын білдірді. Аталған миссия Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің қолдауымен Қазпатент және оның Алматы қаласындағы РМҚК ҰЗМИ филиалы базасында зияткерлік меншік бойынша ұлттық оқу орталығын құру жолындағы маңызды қадам екені аталып өтті.

Сондай-ақ, Қ.Төребаев Қазақстанның инновациялық дамуының ұлттық стратегиясын әзірлеуде көрсеткен сараптамалық қолдауы үшін ДЗМҰ-ға алғысын білдірді. Аталған стратегия зияткерлік меншік компонентін қамтиды.

Осыған байланысты 16-17 наурыз күндері Қазақстанда зияткерлік меншікті басқару саласындағы әлеуетті арттыруға бағытталған IMPACT бағдарламасы шеңберінде семинар өтетіні аталып өтті.

Кездесуге қатысушылар сондай-ақ зияткерлік меншік саласындағы білім беру ынтымақтастығының дамуын, соның ішінде ДЗМҰ, Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі, Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі және Maqsut Narikbayev University бірлесіп жүзеге асырып отырған зияткерлік меншік және бизнес құқығы бойынша Магистр бағдарламасын атап өтті. Бұл бағдарлама Еуразиялық кеңістікте ДЗМҰ-ның осындай алғашқы бастамасы болып табылады. Бағдарламаның алғашқы түлектері 18 студентті құрады, олардың қатарында Қазақстан, Үндістан, Танзания және Өзбекстан елдерінің өкілдері бар.

Қазақстан тарапы сондай-ақ ДЗМҰ-ның зияткерлік меншікті жедел дамыту қоры (WIPO IP Acceleration Fund) аясында ұсынылған екі жобаны таныстырды. Аталған жобалар өнеркәсіптік меншік объектілеріне сараптама жүргізу барысында жасанды интеллект технологияларын енгізуге, сондай-ақ аудио және аудиовизуалды туындылардың пайдаланылуын мониторингтеу бойынша цифрлық жүйе құруға бағытталған.

Бұдан бөлек, тараптар жасанды интеллект саласындағы стартаптарды қолдауға бағытталған ДЗМҰ-ның бірлескен бастамасын талқылады. Пилоттық жобаны іске қосуға дайындық жұмыстары жүргізіліп, қазіргі уақытта оның ресми іске қосылу мерзімдері келісілуде. Жоба ДЗМҰ сарапшыларының қатысуымен стартаптарға арналған оқыту және акселерациялық бағдарламаларды өткізуді көздейді.

Сондай-ақ тараптар Қазақстанның бизнес өкілдері мен ШОБ субъектілерінің ДЗМҰ Академиясының білім беру бағдарламаларына қатысу мүмкіндіктерін кеңейтуді талқылап, жеке сектордың зияткерлік меншік саласындағы оқыту курстары мен біліктілікті арттыру бағдарламаларына белсенді қатысуының маңыздылығын атап өтті.

Сонымен қатар, тараптар ДЗМҰ-ның алдағы Бас ассамблеялары аясында Қазақстанның ұлттық көрмесін дайындау мәселесін талқылады. Көрмеде елдің инновациялар және креативті индустриялар саласындағы жетістіктерін таныстыру жоспарлануда.

Тараптар ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға және Қазақстанның ДЗМҰ органдарының жұмысына белсенді қатысуына өзара мүдделілігін растады.