Қазақ мәдениеті Үндістанда халықаралық фестивальде таныстырылды

Қазақ мәдениеті Үндістанда халықаралық фестивальде таныстырылды

Қазақстанның шығармашылық ұжымдары мен дәстүрлі қолөнер шеберлері Үндістанда «39-шы Сураджкунд халықаралық қолөнер фестиваліне» қатысты.

Фестивальдің концерттік бағдарламасы аясында Жамбыл облыстық Кенен Әзірбаев атындағы филармонияның әртістері ұлттық дәстүрге негізделген ән мен би өнерін ұсынды.

Сонымен қатар қазақ шеберлері дәстүрлі сәндік-қолданбалы өнер туындыларын таныстырған қазақстандық экспозиция ұйымдастырылды. Көрме қонақтары ұлттық нақыштағы бұйымдармен танысып, дәстүрлі өнердің ерекшеліктерін тамашалау мүмкіндігіне ие болды.

Фестивальге келушілер қазақ халқының салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарымен жақынырақ танысып, ұлттық мәдениеттің мазмұны мен мәнін тереңірек сезінді.

Аталған мәдени іс-шара халықаралық мәдени байланыстарды дамытуға және шығармашылық өзара іс-қимылды кеңейтуге ықпал етті.

Халықаралық қолөнер фестивалі - әлем елдерінің мәдениетін, дәстүрлі қолөнері мен өнерін таныстыру мақсатында жыл сайын ұйымдастырылатын ауқымды іс-шара. Жәрмеңкеге бір миллионнан астам келуші қатысып, ерекше қолөнер бұйымдарымен, халық билерімен және түрлі мәдени бағдарламалармен танысады.