
Қазақстанның Солтүстік Македониядағы Елшісі Сатыбалды Бұршақов Скопьедегі жетекші Әулие Кирилл мен Мефодий университеті (UKIM) басшылығының шақыруымен студенттер мен ғалымдар және бірнеше Еуропа елдерінің академиктерінің қатысуымен өткен халықаралық ғылыми-практикалық конференциясында «Қазақстан: жаңғырту мен реформалаудың жаңа кезеңі» атты арнайы сессияда құрметті қонақ ретінде сөз сөйледі.
Аталмыш іс-шара Солтүстік Македониядағы БҰҰ кеңсесінің қолдауымен ұйымдастырылған «Жастар таланттарын дамытуды ілгерілету» атты 8-ші халықаралық апталық 2026 аясында өтті.
Елші Қазақстанның саяси және әлеуметтік-экономикалық дамуы, сыртқы саясаттағы басымдықтары, цифрландырудың қарқынды процесі және Қазақстан мен Солтүстік Македония ынтымақтастығы туралы баяндады.
Қазақ дипломаты алдағы 15 наурызда жаңа Конституцияның жобасын қабылдау бойынша жалпыұлттық референдумға ұласқан Президент Тоқаевтың бастамасымен жүргізіліп жатқан саяси реформалардың жүзеге асырылуы туралы егжей-тегжейлі ақпарат берді.
Конференцияға қатысушыларға вице-президент институтын енгізу, үкіметке парламенттік бақылауды күшейту және конституциялық түрде бекітілген құқықтар мен бостандықтардың кепілдіктері сияқты негізгі жаңа өзгерістер жөнінде айтылды.
Қазақстандағы отбасы мәселесіне ерекше назар аударылды. С.Бұршақов бұл саладағы мемлекеттік саясат дәстүрлі құндылықтарды заманауи әлеуметтік қолдау шараларымен біріктіруге бағытталғанын атап өтті. Жаңа Конституция жобасында некенің еркек пен әйел арасындағы ерікті одақ ретінде бекітілгені дәстүрлі құндылықтарды қорғау және әйелдер құқықтарын заң тұрғысынан қорғауды күшейту шара ретінде тұжырымдалған ереже екені атап өтілді.
Тыңдаушыларды көптеген елдермен салыстырғанда туу деңгейінің өте жоғары болуына байланысты Қазақстанның динамикалық демографиялық көрсеткіштері, сондай-ақ балалар мен жастарды қолдау бағдарламалары ерекше қызықтырды.
Еліміздегі университеттік білім беруді дамыту перспективалары және македониялық білім беру мекемелері үшін ынтымақтастық мүмкіндіктері таныстырылды. Елші С.Бұршақов «Болашақ» бағдарламасының және Қазақстандағы жетекші әлемдік университеттердің филиалдарының оң тәжірибесін атап өтті.
Университет аудиториясына сондай-ақ Қазақстан, оның дәстүрлері және халқы туралы бейнероликтер мен фотослайдтар көрсетілді. Баяндамадан кейін С.Бұршақов конференцияға қатысушылардың көптеген сұрақтарына жауап берді.