
Еуропалық Одақ астанасындағы Қазақстан Елшілігінде Еуроодақтың негізгі институттарының, Брюссельдің ресми және сарапшылық қауымдастық өкілдерінің қатысуымен Қазақстанның жаңа Конституциясының жобасы мен алдағы референдумды талқылау өтті.
Пікірталас Қазақстанға қатысты мәселелер бойынша мемлекеттік құрылымдар, сарапшылар қауымдастығы және азаматтық қоғам өкілдері арасында мазмұнды пікір алмасуға арналған ашық алаң болуды көздейтін «Shanyraq Dialogues» атты жаңа диалогтік платформаның ресми ашылуы аясында ұйымдастырылды.
Шараны Қазақстанның Бельгия және Люксембургтегі Елшісі, Еуропалық Одақ және НАТО жанындағы Тұрақты өкілі Роман Василенко ашты. Ол геосаяси тұрақсыздық пен жаһандық белгісіздік жағдайында Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан конституциялық реформаның қазіргі кезеңі туралы айтып, оның елдің ішкі дамуы мен еуропалық серіктестермен өзара іс-қимылдағы маңызын атап өтті.
Р.Василенко 15 наурызда Қазақстанның жаңа Конституциясын қабылдау мәселесі бойынша республикалық референдум өткізілетінін хабарлап, бұл реформалық бастама Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізіп отырған саяси жүйені ауқымды жаңғыртудың бір бөлігі екенін айтты. Оның айтуынша, бұл өзгерістер мемлекеттік басқарудың неғұрлым тиімді, ашық әрі есеп беретін моделін қалыптастыруға бағытталған.
Жобаны әзірлеу үдерісі бұрын-соңды болмаған ашықтықпен өткендігі аталып өтті. Қазақ дипломаты парламенттік реформа мәселелері жөніндегі Жұмыс тобы, кейіннен түрлі қоғамдық және өңірлік топтардың кеңінен өкілдік етуін қамтамасыз еткен 130 адамнан тұратын Конституциялық комиссия құрылғанын жеткізді. Ол Қазақстан тарихында алғаш рет комиссия отырыстары тікелей эфирде көрсетіліп, жоба мәтінінің аралық нұсқасы бүкілхалықтық талқылау үшін жарияланғанын атап өтті. Нәтижесінде азаматтардан шамамен 10 мың ұсыныс пен пікір түсіп, олардың бірқатары референдумға шығарылған Конституция жобасында көрініс тапты.
Ұсынылып отырған басты институционалдық жаңашылдықтарды таныстыра отырып, Елші құжаттың адамға бағытталған сипатына ие екенін және құқықтар мен бостандықтарды қорғау кепілдіктерін күшейтетінін ерекше атап өтті. Ол іс-шара қатысушыларының назарын мемлекет егемендігін, тәуелсіздігін, аумақтық тұтастығын және унитарлық сипатын өзгермейтін құндылықтар ретінде бекітуге, өлім жазасына тыйым салуды растауға, сондай-ақ азаматтардың цифрлық ортадағы құқықтарын қорғауға қатысты жаңа нормаларды енгізуге аударды.
Р. Василенко жаңа Конституцияны қабылдау Қазақстанның Еуропалық Одақ және оған мүше мемлекеттермен стратегиялық әріптестігіне қосымша серпін беруі мүмкін екенін білдірді. Оның айтуынша, институттарды нығайту, ашықтықты арттыру және адам құқықтарына бағдар ұстану құқық үстемдігі мен диалог қағидаттарының ортақтығы негізінде одан әрі жақындасуға ықпал етеді.
Іс-шарада шақырылған спикер ретінде «EUalive» еуропалық онлайн-басылымының негізін қалаушы және бас редакторы Георги Готев сөз сөйлеп, Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы қатынастар үшін болып жатқан үдерістердің маңызына сараптамалық көзқарасын ұсынды.
Баяндамалардан кейін жанды әрі сындарлы атмосферада сұрақ-жауап сессиясы өтті. Іс-шара қонақтары конституциялық реформаның егжей-тегжейіне, оны іске асыру тетіктеріне, сондай-ақ Қазақстанның саяси жүйесінің даму перспективалары мен еуропалық серіктестермен ынтымақтастықты тереңдету мәселелеріне шынайы қызығушылық танытты. Талқылау ашық әрі мазмұнды сипатта өтіп, қатысушыларға пікір алмасып, реформаның ең өзекті қырлары бойынша жан-жақты түсіндірмелер алуға мүмкіндік берді.
Іс-шара жаңа диалогтік платформаның кәсіби әрі мазмұнды пікірталас алаңы ретінде сұранысқа ие екенін растады. «Shanyraq Dialogues» платформасының іске қосылуы Қазақстан мен еуропалық серіктестер арасындағы өзара түсіністік пен сенімді нығайтудағы жаңа қадам болып, даму мен ынтымақтастықтың негізгі мәселелері бойынша ашық пікірталастарға дайын екендігін көрсетті.