
Қазақстанның Қазандағы Бас консулдығы қазақ халық ақыны Жамбыл Жабаевтың 180 жылдығына арналған салтанатты іс-шаралар ұйымдастырды.
Қазан федералды университетінің филология және мәдениетаралық коммуникация институтының (бұдан әрі - ҚФУ) қолдауымен Абай атындағы қазақ тілі мен мәдениеті орталығында «Жамбыл Жабаев – ақын, азамат» атты дөңгелек үстел өтті. Оған Татарстан халқы Ассамблеясының атқарушы комитетінің жетекшісі, Татарстан Республикасы Мемлекеттік кеңесінің депутаты Ренат Валиуллин, ҚФУ филология және мәдениетаралық коммуникация институтының директоры, профессор Радиф Замалетдинов, Қазақстанның Қазандағы Бас консулы Ерлан Ысқақов, Л.Н. Гумилёв атындағы Еуразия ұлттық университетінің қазақ әдебиеті кафедрасының профессоры Рақымжан Тұрысбек, ҚФУ жалпы тіл білімі және түркітану кафедрасының профессоры Альфия Юсупова, сондай-ақ ғалымдар, оқытушылар мен студенттер қатысты.
Шара барысында қатысушылар ақынның өмірі мен шығармашылығын, оның қазақ әдебиетін дамытудағы рөлін және үлесін талқылап, ұлы импровизатордың шығармашылық мұрасын түсіну тәжірибелерімен бөлісті. Қазақ әдебиеті мен мәдениетінің көрнекті өкілінің өнері адамзаттық құндылықтардың дамуына, әділеттілік пен патриотизмді насихаттауға, Ұлы дала философиясына әсер етті. «XX ғасырдың Гомері» деп аталған шығармалары шынайы әрі қуатқа толы болып, әлемнің көптеген тілдеріне аударылған.
Студенттердің Жамбыл Жабаевтың шығармаларынан орындаған әндері мен өлеңдері қонақтардың қызығушылығын тудырып, жылы лебіздеріне ие болды.
Сонымен қатар, «МИР» кинотеатрында «Жамбыл. Жаңа дәуір» атты тарихи фильм көрсетілді. Сюжет ақынның даналығын, халық рухын сақтаудағы рөлін және көшірілген мәдениет қайраткерлерімен кездесуін көрсете отырып, Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі оның шығармашылығы мен қоғамдық қызметін көрсетеді.
Татарстанның жетекші кітапханаларының мұрағаттарынан татар, орыс тілдерінде және латын графикасында сирек кездесетін кітап коллекциялары көрсетілді. Қонақтарға қазақ ұлттық тағамдары ұсынылып, музыкалық шығармалар орындалды.
Айта кеткен жөн, Қазанда Жамбыл Жабаевтың атында көше бар.
Іс-шараға Қазанда тіркелген шетелдік бас және құрметті консулдықтардың басшылары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, сондай-ақ іскер топтардың, БАҚ және қазақ диаспорасының өкілдері қатысты.