Шаңхайда ҚХР – ШЫҰ Метаболикалық аурулар бойынша ынтымақтастық орталығы ашылды

Шаңхайда ҚХР – ШЫҰ Метаболикалық аурулар бойынша ынтымақтастық орталығы ашылды

Қазақстанның Шаңхай қаласындағы Бас консулы Нұрлан Аққошқаров Шаңхай Цзяотун университеті медицина колледжіне қарасты Жуйцзинь ауруханасы негізінде Қытай – ШЫҰ Метаболикалық аурулар бойынша ынтымақтастық орталығының ашылу рәсіміне қатысты.

Орталықтың ресми ашылу салтанаты Шаңхай ынтымақтастық ұйымы Бас хатшысы Нұрлан Ермекбаевтың және Шаңхай қаласының мэрі Гун Чжэннің қатысуымен өтті. Іс-шараға сондай-ақ ҚХР Денсаулық сақтау істері жөніндегі мемлекеттік комитеті басшысының орынбасары Чжэн Чжэ, ҚХР Сыртқы істер министрінің көмекшісі Лю Бинь, Шаңхай қаласы мэрінің орынбасары Чэнь Юйтянь, Шаңхай халық үкіметінің Сыртқы істер кеңсесінің басшысы Ма Инхуэй, Жуйцзинь ауруханасының директоры Ниң Гуаң қатысты.

Қытай дәрігерлері метаболикалық аурулар (соның ішінде қант диабеті, семіздік және жүрек-қан тамырлары асқынулары) бүгінде ШЫҰ елдерінде кең таралғанын атап өтті. Урбандалу үдерісінің күшеюі, өмір салтының өзгеруі және халықтың қартаюы Еуразия елдері үшін денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелердің біріне айналды.

Осыған байланысты жаңа Орталық ғылыми әлеуетті біріктіруге, бірлескен зерттеулерді дамытуға, клиникалық тәжірибе алмасуға және диагностика мен емдеудің озық технологияларын енгізуге бағытталған. Орталық метаболикалық ақауларды ерте анықтау бойынша заманауи тәсілдерді, пациенттерді цифрлық бақылау шешімдерін, сондай-ақ терапия саласындағы жетістіктерді ұсынуға дайын.

ШЫҰ Бас хатшысы Н. Ермекбаев ұйымға мүше мемлекеттердің денсаулық сақтау саласындағы күш-жігерін үйлестірудің маңыздылығын атап өтіп, жаңа Орталық мамандар даярлау, бірлескен зерттеулер жүргізу және аурулардың алдын алу бойынша бірыңғай тәсілдер қалыптастыруға арналған практикалық алаңға айналатынын айтты.

Тараптар метаболикалық аурулармен күрес тек медициналық шараларды ғана емес, сонымен қатар деректер алмасу, білім беру бағдарламалары және қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы бірлескен бастамаларды қамтитын жүйелі мемлекетаралық өзара іс-қимылды талап ететініне келісті.

Орталықтың ашылуы Қытай мен ШЫҰ мемлекеттері арасындағы гуманитарлық және ғылыми ынтымақтастықты нығайтудың маңызды қадамы ғана емес, сонымен қатар өзара сенім, теңдік, мәдени әртүрлілікті құрметтеу және ортақ дамуға ұмтылу қағидаттарына негізделген «Шанхай рухын» нығайтуға үлес қосты.

Шаңхай ынтымақтастық ұйымы 2001 ж. 15 маусымда Шаңхай қаласында құрылды. Қазіргі уақытта ұйым 3,4 миллиардтан астам халқы бар 10 мүше мемлекетті біріктіреді, сондай-ақ 2 бақылаушы мемлекет пен 15 диалог бойынша серіктес елді қамтиды. Ұйымның штаб-пәтері Бейжің қаласында орналасқан.