Моңғолия ғалымдары Қазақстанмен серіктестікті нығайтуға ниетті

Моңғолия ғалымдары Қазақстанмен серіктестікті нығайтуға ниетті

Моңғолия Ғылым академиясында алғаш рет Қазақстанның Моңғолиядағы Елшісі Алмас Сейтакынов Қазақстанның қазіргі даму бағыттары және екі елдің ынтымақтастығын нығайтудың перспективалары тақырыбында лекция оқыды.

Іс-шараға Моңғолия Ғылым академиясының Президенті Содномсамбуугийн Дэмбэрэл, ғылыми және білім беру қауымдастығының 90-нен астам өкілі, оның ішінде университеттер мен зерттеу орталықтарының басшылары, ғылыми қызметкерлер, сондай-ақ жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Өз сөзінде Елші елімізде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан негізгі саяси және экономикалық өзгерістер туралы баяндады. Конституциялық реформалардың құқық үстемдігі қағидаттарын нығайтуға, мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртуға және азаматтардың шешім қабылдау үдерісіне қатысуын кеңейтуге бағытталғаны аталып өтті.

Сондай-ақ, Қазақстанның орнықты экономикалық өсім көрсетіп, Орталық Азиядағы жетекші транзиттік хабтардың бірі ретіндегі ұстанымын күшейтіп отырғаны айтылды. Экономиканы жаңғыртуға, көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамытуға, цифрландыруға және инвестициялық тартымдылықты арттыруға ерекше назар аударылатыны аталып өтті.

Лекцияның елеулі бөлігі білім беру және ғылыми өзара іс-қимыл мәселелеріне арналды. Қазақстанның жоғары оқу орындарында 35 мыңнан астам шетелдік студент, оның ішінде шамамен 1200 Моңғолия азаматы білім алуда. Қазақстан Үкіметі жыл сайын моңғолиялық студенттерге 25 білім грантын бөледі. Ынтымақтастықтың перспективалы бағыттары ретінде сауда-экономикалық байланыстар, ауыл шаруашылығы, логистика, цифрлық технологиялар, сондай-ақ экология, су ресурстарын басқару және аграрлық ғылым салаларындағы бірлескен ғылыми зерттеулер аталды.

Елші екіжақты қатынастардың қазіргі ахуалы мен даму перспективасын да қамтып, саяси диалогтың оң серпінін, сауда-экономикалық өзара іс-қимылдың кеңеюін және гуманитарлық байланыстардың нығаюын атап өтті. Сондай-ақ, қатысушыларға 2026 ж. өтетін Өңірлік экологиялық саммитке дайындық барысы туралы ақпарат ұсынылды. Саммит климаттық және экологиялық сын-қатерлер бойынша практикалық шешімдерді әзірлеуге арналған ашық платформа болуға тиіс.

Іс-шара соңында пікір алмасу өтіп, оның барысында Моңғолияның ғылыми қауымдастығы қазақстандық әріптестермен академиялық алмасуларды және сараптамалық өзара іс-қимылды одан әрі кеңейтуге қызығушылық білдірді.

Моңғолия Ғылым академиясы - негізгі ұлттық ғылыми орталығы және іргелі зерттеулерді дамытуға, сондай-ақ мемлекеттік шешімдерді сараптамалық тұрғыдан қолдауға арналған жетекші алаң. Академия 1961 жылы Ұлан-Батыр қаласында құрылған және бүгінде салалық ғылыми-зерттеу институттары мен ғылыми ұжымдардың желісін біріктіреді.