
Қазақстанның Кореядағы Елшісі Нұрғали Арыстанов Кореяның Жер, инфрақұрылым және көлік министрі Ким Юн Дукпен кездесу өткізді.
Кездесу барысында көлік, логистика және инфрақұрылым салаларындағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейту мәселелері талқыланды.
Alatau Smart City жобасы өзара қызығушылық тудыратын басым бағыттардың бірі ретінде қарастырылды. Қазақстан тарапы корей компанияларының заманауи қалалық және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға қатысуына жәрдемдесуге дайын екенін білдірді.
Тараптар азаматтық авиация саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту, оның ішінде тікелей әуе қатынастарын кеңейту маңыздылығын атап өтті. Қазіргі уақытта Қазақстан мен Корея арасында 11 тікелей әуе рейсі орындалады. 2025 жылдың қорытындысы бойынша өзара туристік алмасу 20%-ға өсті.
Сонымен қатар Транскаспий халықаралық көлік маршрутын (Орта дәліз) дамыту, сондай-ақ транзиттік әлеуетті нығайтуға және сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтуге бағытталған көлік-логистикалық жобалар бойынша өзара іс-қимылды тереңдету мәселелері қарастырылды.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар алдағы сапарларға дайындық аясында белсенді байланыстарды қолдауға және өзара қызығушылық тудыратын жобаларды ілгерілету бойынша бірлескен жұмысты жалғастыруға дайын екендіктерін растады.