«Тұран» этно-фольклорлық ансамблі Сан-Франциско сахнасында өнер көрсетті

«Тұран» этно-фольклорлық ансамблі Сан-Франциско сахнасында өнер көрсетті

Калифорния штатының Сан-Франциско қаласында ұлттық өнердің қадірін ұғындырып, дәстүрлі аспаптар үні арқылы рухани байлық сыйлаған ерекше мәдени кеш өтті.

Қазақстанның Сан-Францискодағы Бас консулдығының ұйымдастыруымен өткен бұл іс-шараға қала әкімдігі өкілдері, мәдени қауымдастық мүшелері, дипломатиялық корпус және қазақ диаспорасының белсенді өкілдері қатысты. Кештің басында Қазақстанның Сан-Францискодағы Бас консулы Назира Нұрбаева және Сан-Франциско қаласының Халықаралық істер жөніндегі директоры Марк Чандлер құттықтау сөз сөйледі.

Бұл мәдени кештің басты мақсаты — Қазақстан мен Америка Құрама Штаттары арасындағы достық пен өзара байланысты нығайту, сондай-ақ қазақ халқының бай рухани дәстүрін кеңінен таныстыру.

Дүйім жұрттың ықыласына бөленген кештің басты кейіпкерлері — әйгілі «Тұран» этно-фольклорлық ансамблі. Түркі әлемінің қайталанбас музыкалық бренді болып табылатын ансамбль американдық көрермендерге еліміздің мәдениетін, бай тарихын және халқымыздың рухын терең сезіндіре білді. Кеште қазақтың көне аспаптарының әуені арқылы ұлттық болмысымыз айқын көрініс тапты.

Ансамбльдің АҚШ-қа сапары Аризона штатындағы Қазақстанның Құрметті консулы Хью Холманның қолдауымен ұйымдастырылды. Бұл ұмытылмас музыка мен эмоцияға толы кеш барлық қатысушыларға ерекше әсер қалдырды. Концерттік сапар Аризона штатында жалғасын тапты.