
Қазақстанның Мажарстандағы Елшісі Абзал Сапарбекұлы Мажарстанның Мәдениет және инновациялар министрлігінің Мемлекеттік хатшысы Анита Киш-Хедьи ханыммен кездесу өткізді.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Мажарстан арасындағы екіжақты мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен оны одан әрі дамыту перспективаларын талқылады.
Әңгіме басында Елші Мемлекеттік хатшыны жаңа қызметіне тағайындалуымен құттықтап, жауапты қызметінде табыс тіледі және қазақстандық тараптың Астана мен Будапешт арасындағы достық қарым-қатынастарды жан-жақты тереңдетуге бейілді екенін атап өтті.
Елші қазақстандық мәдениет қайраткерлерінің халықаралық аренадағы жетістіктерімен таныстыра отырып, Будапештте әлемге танымал қазақстандық музыканттардың концерттерін ұйымдастыру мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.
Өз кезегінде А. Киш-Хедьи мәдени-гуманитарлық саладағы серіктестікті нығайтудың маңыздылығын атап өтіп, шығармашылық алмасуларды қолдауға және мәдени іс-шараларды өткізуге бағытталған бірлескен бастамаларды жүзеге асыруға дайын екенін растады.
Кездесу соңында тараптар ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге және сындарлы диалогты жалғастыруға өзара мүдделіліктерін білдірді.
Былтыр мажарстандық билік органдары мен Елшіліктің белсенді қолдауымен Дебрецен қаласында «Turan» этно-фольклорлық тобының концерті өтті. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі Будапештте өткен Аттила мен ғұндар тарихына арналған халықаралық көрмеге қатысты, Мажарстанның жоғары деңгейдегі делегациясы Түркі әлемінің мәдени астанасы «Ақтау – 2025» бағдарламасына қатысты, сондай-ақ қазақстандық және мажарстандық өнер өкілдерінің қатысуымен «Adjon Isten / On Sausak» бірлескен музыкалық бейнежобасы жарық көрді.