Братиславада Қазақстан мен Словакия арасындағы іскерлік ынтымақтастықтың перспективалары талқыланды

Братиславада Қазақстан мен Словакия арасындағы іскерлік ынтымақтастықтың перспективалары талқыланды

Қазақстанның Словакиядағы Елшісі Жанна Сағынова Жилина өлкесінің Сауда-өнеркәсіп палатасының басшылығымен, атап айтқанда директор Павол Витекпен және басқарма мүшесі Ян Мишурамен, сондай-ақ «AZC Group» компаниясының иесі Ян Саболмен бірқатар кездесулер өткізді.

Кездесулер барысында Қазақстан мен Словакия арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі нығайту мәселелері жан-жақты талқыланды. Елші Қазақстанның экономикалық және инвестициялық әлеуеті туралы ақпарат беріп, словакиялық іскер топ өкілдерін қазақстандық нарықтың мүмкіндіктерімен таныстырды.

Тараптар өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, көлік және логистика, ақпараттық технологиялар, туризм және білім беру салаларында бірлескен жобалар мен кооперацияны дамыту зор әлеуетке ие екенін атап өтті.

Өңірлік сауда-өнеркәсіп палатасының басшылығымен өткен кездесуде өңіраралық іскерлік, мәдени-білім беру және туристік байланыстарды дамытуға басымдық берілген ынтымақтастықтың негізгі бағыттары қарастырылды. Палата өкілдері қазақстандық серіктестермен өзара байланыстар орнатуға қызығушылық білдіріп, Қазақстаннан келетін бизнес-миссияны қабылдауға дайын екендерін растады.

Ян Саболмен өткен кездесу барысында екіжақты күн тәртібіндегі экономикалық мәселелер бойынша пікір алмасу жүзеге асырылып, өзара қызығушылық тудыратын салаларда бірлескен жобаларды іске асыру перспективалары талқыланды.

Жилина өңірінің сауда-өнеркәсіп палатасы Словакия Республикасындағы ең ірі өңірлік палаталардың қатарына жатады. Жилина өңірі индустрияландыру деңгейі жоғары, экономикалық тұрғыдан дамыған аймақтардың бірі болып табылады, мұнда машина жасау саласы экономиканың негізгі тірек салаларының бірі саналады.

«AZC Group» компаниялар тобының портфеліне Орталық Еуропадағы ондаған компания кіреді. Соңғы жылдары топ Үндістан, Бразилия және Азия нарықтарында өз ұстанымын нығайтуға ұмтылуда. 2024 жылы компания тобының айналымы шамамен 4 миллиард еуроны құрады.