Пусанда Қазақстан «Қалалық дипломатия желісі» форумына қатысты

Пусанда Қазақстан «Қалалық дипломатия желісі» форумына қатысты

Қазақстанның Пусан қаласындағы Бас консулы Аслан Асқар Пусан қаласының әкімдігі мен Пусан жаһандық қала қоры (BGCF) ұйымдастырған «Пусан қалалық дипломатия желісі» атты ресми форумға қатысты.

Іс-шараға өңірдегі жетекші университеттердің басшылары, қалалық кеңес өкілдері және шетелдік дипломатиялық миссиялардың басшылары қатысты.

Форум барысында корей тарапы муниципалды билік, академиялық орта және бизнес арасындағы тығыз интеграция арқылы Пусанды жаһандық хабқа айналдыруға бағытталған «RISE» (өңірлік инновациялық жүйе және білім беру) жаңа стратегиялық бағдарламасын таныстырды. Шетелдік мамандар мен студенттерді тартуға және оларды қолдауға бағытталған «таланттар дипломатиясы» бастамасына ерекше назар аударылды.

Бас консул форум қатысушыларын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Қазақстанда жүргізіліп жатқан ауқымды реформалар, соның ішінде Қазақстан халқына Жолдауы мен Ұлттық құрылтай шешімдері аясындағы өзгерістер туралы хабардар етті. Жаһандық трансформация жағдайында Қазақстанның жоғары білім беру жүйесі мен ғылымды жаңғыртуға басымдық беріп отырғаны аталып өтті.

Өңіраралық ынтымақтастықты талқылау аясында тараптар Алматы мен Пусан бауырлас қалалары арасындағы байланыстарды нығайтудың маңыздылығын атап өтті. Корей тарапы Қазақстанның Орталық Азиядағы негізгі рөлін жоғары бағалап, бірлескен жобаларды іске асыруға ниет білдірді. Атап айтқанда, 2026 жылғы тамыз айында бизнес-консультациялар өткізу және университетаралық байланыстарды кеңейту мақсатында «Еуразиялық қалалық дипломатиялық корпус» делегациясының Алматы қаласына сапары жоспарланған.

Форум аясындағы кездесулердің қорытындысы бойынша «Пусан жаһандық тағылымдамасы» (Busan Youth in Action) бағдарламасын іске қосу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Бұл бағдарлама аясында Пусан жастары гуманитарлық байланыстарды нығайту мақсатында дипломатиялық миссиялардың қызметіне іс жүзінде қатысу мүмкіндігіне ие болады.

Пусан қаласының әкімдігі жанындағы Пусан жаһандық қала қоры (BGCF) қоғамдық дипломатияның мамандандырылған институты болып табылады. Ол Корея Республикасының екінші ірі мегаполисіндегі халықаралық ынтымақтастықты, алмасу бағдарламаларын және шетелдік резиденттерді қолдау мәселелерін үйлестіреді.