Қазақстанның Өзбекстандағы Елшісі Бейбіт Атамқұлов пен Өзбекстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Бобур Усмановтың кездесуі өтті.
Аталған кездесу биыл қаңтарда Өзбекстанның Сыртқы істер министрі Бахтиёр Саидовпен өткен келіссөздердің жалғасы ретінде ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін қамтыды.
Тараптар ағымдағы жылға жоспарланған екіжақты іс-шаралар мен ірі халықаралық оқиғалардың кестесін, сондай-ақ бірлескен үкіметаралық және салалық ынтымақтастық тетіктері аясындағы алдағы отырыстарды қарастырды.
Б.Атамқұлов өзбек тарапын Қазақстандағы конституциялық реформалар және елде өткізілетін алдағы референдум туралы хабардар етті.
Сондай-ақ 2026 жылы сәуірде Астана қаласында өтетін Өңірлік экологиялық саммитке дайындық барысы, оның ішінде экология, орнықты даму және білім беру салаларындағы көптеген іс-шараларды өткізу жоспарлары туралы мәлімет берді. Осы орайда Елші Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ жүйесінде Халықаралық су ұйымын құру жөніндегі бастамасымен және оны іске асыруға қатысты ұсыныстары туралы ақпарат берді.
Өз кезегінде Б. Усманов Қазақстандағы конституциялық реформаларға өзбек тарапының зор қызығушылығын атап өтіп, алдағы референдумға шынайы қолдау білдірді.
Сонымен қатар Сыртқы істер министрінің орынбасары жоспарланған іс-шараларға белсенді қатысуға дайын екенін растады және Қазақстаның халықаралық деңгейде ұсынған бастамаларын жоғары бағалады.
Кездесу барысында азаматтардың құқықтарын қорғау, көпжақты құрылымдар, соның ішінде ИЫҰ және БҰҰ ЭСКАТО аясындағы өзара іс-қимыл мәселелері бойынша пікір алмасылды.