Қазақстанның БҰҰ-ның Азия және Тынық мұхиты өңіріне арналған экономикалық және әлеуметтік комиссиясы (БҰҰ АзТМЭӘК) жанындағы Тұрақты өкілі Марғұлан Баймұхан БҰҰ АзТМЭӘК Бас хатшысының серіктестік және үйлестіру мәселелері жөніндегі орынбасары Шомби Шарппен кездесті.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен БҰҰ АзТМЭӘК арасындағы ынтымақтастықтың қазіргі ахуалын талқылап, Азия–Тынық мұхиты өңіріндегі ең беделді өңірлік ұйымдардың бірімен серіктестікті одан әрі нығайтудың перспективаларын қарастырды.
Ерекше назар Қазақстанның Алматыда БҰҰ АзТМЭӘК-ның Тұрақты даму үшін цифрлық шешімдер орталығын құру жөніндегі бастамасына аударылды. Бұл Орталық тұрақты даму мүддесінде мемлекеттер арасында тәжірибе, озық практикалар және цифрлық технологиялар алмасуын ілгерілетуге бағытталған жаңа өңірлік БҰҰ институты болмақ.
Елші Ш.Шарпты Қазақстанның қазіргі және жоспарланған әлеуметтік-экономикалық бастамалары туралы хабардар етті. Сонымен қатар әңгіме барысында мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға, азаматтармен диалогты күшейтуге және инклюзивті әрі тұрақты экономикалық өсуді қамтамасыз етуге бағытталған елдегі конституциялық реформалар қозғалды.
БҰҰ-ның Азия және Тынық мұхиты өңіріне арналған экономикалық және әлеуметтік комиссиясы (АзТМЭӘК) — өңірдегі ең ауқымды үкіметаралық платформа. Штаб-пәтері Бангкок қаласында орналасқан Комиссия 53 мүше мемлекет пен 9 қауымдастырылған мүшенің тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу жолындағы ынтымақтастығына жәрдемдеседі. БҰҰ АзТМЭӘК — Біріккен Ұлттар Ұйымының бес өңірлік комиссиясының бірі.