
Қазақстанның Словениядағы Елшісі Алтай Әбибуллаев Словенияның Әділет министрі Андрея Кокальмен және Словения Ұлттық жиналысы Сыртқы саясат комитетінің төрағасы Предраг Бакович кездесті.
Елші Қызылордада өткен Ұлттық Құрылтайдың V отырысындағы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың негізгі тезистері туралы мәлімет беріп, саяси және институционалдық өзгерістердің логикасы мен мақсаттарына, сондай-ақ әділетті әрі тиімді мемлекет құруға бағытталған стратегиялық бағдарға назар аударды. Сұхбат барысында Конституциялық комиссияның қазіргі жұмысы, Қазақстан Парламентінің алдағы трансформациясы, Конституция мәтініне енгізілетін өзгерістер және елдің саяси жүйесін жан-жақты жаңғыртуға бағытталған шаралар ерекше атап өтілді.
Словенияның Әділет министрі Мемлекет басшысының саяси бастамаларының бірегейлігін атап өтіп, Қазақстандағы сот жүйесін дамыту, сот өндірісін реформалау, судьялар корпусының тәуелсіздігін қамтамасыз ету және қоғамның сот билігіне деген сенімін арттыру мәселелеріне айрықша қызығушылық білдірді. Тараптар екі елдің Жоғарғы соттары арасындағы ынтымақтастықты, соның ішінде тәжірибе және сараптамалық алмасу арқылы кеңейтудің, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша ведомствоаралық өзара іс-қимылды жолға қоюдың маңыздылығын атап өтті.
Словениялық тарап Қазақстанмен реадмиссия туралы, сондай-ақ қылмыстық және азаматтық істер бойынша өзара құқықтық көмек көрсету туралы келісімдерге қол қоюға мүдделілік танытты.
Словения Ұлттық жиналысы Сыртқы саясат комитетінің төрағасы Предраг Бакович екіжақты әріптестікті одан әрі нығайтуға бейілділігін растап, Қазақстанның Орта державалар қатарындағы рөлін және тұрақтылық кепілі ретіндегі маңызын жоғары бағалады. Оның айтуынша, Қазақстан – Словенияның Орталық Азиядағы ең маңызды саяси және сауда-экономикалық серіктесі. Словениялық депутат конституциялық реформаға, соның ішінде бір палаталы парламент моделіне көшуге, этносаралық келісімге, Қазақстан халқы Ассамблеясының функциялары мен міндеттеріне, сондай-ақ ұлттық диалог алаңы және халықтық дипломатияның маңызды құралы ретінде қалыптасып жатқан Халық кеңесінің жаңа институтына ерекше қызығушылық танытты. Мұндай тетіктердің кез келген мемлекеттің ішкі үйлесімін қамтамасыз етудегі іргелі маңызы аталып өтіп, бұл процестердің словениялық ақпараттық кеңістікте сараптамалық тұрғыдан кеңінен түсіндірілуіне қызығушылық білдірілді.
Словениялық тарап фармацевтика саласындағы байланыстарды нығайту, Орта дәліз аясында көлік-логистикалық өзара іс-қимылды жолға қою, жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды енгізу барысында дербес деректерді қорғау, сондай-ақ туризм саласындағы ынтымақтастықты кеңейту үшін визалық режимді ырықтандыру қажеттілігін қолдады.